04 қаңтар 2023 17:12

"Ел игілігі үшін жұмыс істеуге тырыстым". Асхат Аймағамбетов жазба жариялады

Дина Шарипханова Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото:gov.kz Фото:gov.kz

Бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов білім саласында атқарылған жұмыстарды баяндады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов білім саласында атқарылған жұмыстарды баяндады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Құрметті достар, қымбатты әріптестер! 2019 жылғы маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев маған өте маңызды білім мен ғылым салаларын сеніп тапсырды.

Кейіннен Мемлекет басшысы мені үш рет қайта тағайындады. Алдымен білім және ғылым министрі, содан кейін 100 жылға жуық уақыттан кейін қайта құрылған, ұлағатты ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов басқарған оқу-ағарту министрлігіне қайта тағайындады", - деді бұрынғы министр.

Ол "осы уақыт ішінде жүктелген сенімді ақтауға және ашық болуға, жұмыста тиімді әрі пайдалы болуға тырысқанын" айтты.

"Өмірімнің осы маңызды кезеңінде сіздердің, Президенттің, мұғалімдердің, ата-аналардың, министрліктің бүкіл ұжымының, азаматтық қоғамның қолдауының арқасында маңызды нәтижелерге қолжеткіздік.

Білім және ғылым саласына жауапты болған министр ретінде өздеріңізге есеп беріп, атқарылған жұмыстар туралы айту жөн деп санаймын. Алдағы уақытта министр лауазымында қабылданған әрбір шешім туралы егжей-тегжейлі есеп беруді және бұл шешімдердің логикасы туралы айтуды жоспарлап отырмын. Оны кез келген адам көре алады.

Осы жылдар ішінде мен халқымыздың батасын алып, Президенттің сенімін ақтау үшін, ел игілігі үшін жұмыс істеуге тырыстым", - деді Асхат Аймағамбетов.

"Жылпы алғанда, мен үшін уақыт талабына сәйкес келетін жаңа реформаларды енгізу ғана емес, сонымен қатар сабақтастықты сақтау маңызды болды. Әсіресе пандемия кезінде қиын болды, бірақ әріптестеріміздің түсінігі мен қолдауының арқасында ол уақыттан да өттік.

Осы уақыт аралығында мұғалімдердің үлкен қолдауын сезіндім. Сол үшін құрметті әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Менің шешімдерімді түсініп, қолдағандарыңыз үшін рақмет. Оның барлығы әрқайсыңыздың еңбек жағдайыңызды жақсартуға бағытталған болатын".

"Президенттің қолдауы арқасында біз өте маңызды құжатты - "Педагог мәртебесі туралы" заңды қабылдадық. Соның арқасында түбегейлі өзгерістер болды, мысалы, жалақыны көтеру, қосымша төлемдер, міндетке жатпайтын қызметтерден босату, бес күндік жұмыс аптасына ауысу, 30 жыл еңбек өтілі бар мұғалімдерді ҰБТ-дан босату және 25 жылдан астам жұмыс өтілі бар мұғалімдерге төсбелгі тағайындау және т.б".

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, білім беру саласы - қарқынды дамып келе жатқан сала.

"Сондықтан енгізілген жаңалықтарға түсіністікпен қараған ата-аналарға алғысымды білдіргім келеді. Қандай да бір бастаманы жүзеге асырғанда балаларымыздың мүдделерін негізге алдық. Осыған дейін де балаларымның мемлекеттік мектеп пен балабақшаға баратынын бірнеше рет айтқан болатынмын.

Біз балабақша тәрбиешілеріне, колледж мұғалімдері мен университет оқытушыларына да қолайлы жағдай жасауға тырыстық.

Барлық идея мен алға қойылған міндетті іске асырған Оқу-ағарту министрлігінің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың, департаменттердің, білім басқармаларының, әдістемелік кабинеттердің, білім беру ұйымдарының барлық қызметкеріне ерекше алғысымды білдіргім келеді.

Сіздер бағалауға келмейтін ауқымды жұмыс атқардыңыздар. Кейде тым қатал, талапшыл болатынымды білемін. Ашық сөйлеп, қолдау білдіріп, сын айтқан қоғам қайраткерлері мен белсенділерге алғыс айтамын. Мен әрқашан сындарлы ескертулерді қабылдауға дайынмын және оларды түзетуге тырысамын", - деді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ, бұрынғы министр жаңалықтарды жариялаған журналистерге де еңбектері үшін алғыс айтты.

"Біз өзекті ақпаратты белсенді түрде бөлісуге және диалог үшін әрқашан ашық болуға тырыстық. Кез келген адам тыңдай алатын аппарат жиналыстары апта сайын ұйымдастырылды. Жұмыс кестемнің тығыздығына қарамастан, сұхбатқа да уақыт бөлуге тырыстым. Өйткені жаңалықтар мен қабылданған шешімдерді отандастарымызға уақытылы жеткізу және олардың түсінуі маңызды болды.

Тәрбиешілермен, оқушылармен, студенттермен, ұстаздармен, мектеп, колледж директорларымен, оқытушылармен, ректорлармен, ғалымдармен, білім басқармалары мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларымен көптеген кездесу өткіздім. Мен үшін әртүрлі деңгейдегі білім беру өкілдерінің пікірлерін тыңдау және қандай да бір шешім қабылдағанда барлық мәселенің "оң" және "теріс" жақтарын таразылау маңызды болды".

"Қызметте саланың дамуына үлес қосып, отандастар мен Президент сенімін ақтай алдым деп үміттенемін", деп түйіндеді сөзін Асхат Аймағамбетов.

Еске салайық, 4 қаңтарда Асхат Аймағамбетов оқу-ағарту министрі қызметінен босатылғаны белгілі болды.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.2   490.7   4.82 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети