25 ақпан 2022 18:31

Ерлан Тұрғымбаев ішкі істер министрі қызметінде несімен есте қалды?

Дина Шарипханова Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Ерлан Тұрғымбаев. Фото:gov.kz Ерлан Тұрғымбаев. Фото:gov.kz

Ерлан Тұрғымбаев 2019 жылдан бері атқарып келе жатқан ішкі істер министрі қызметінен кетті. Тұрғымбаев қызметінде несімен есте қалды. Tengrinews.kz мартериалында толығырақ.


Ерлан Тұрғымбаев 2019 жылдан бері атқарып келе жатқан ішкі істер министрі қызметінен кетті. Тұрғымбаев қызметінде несімен есте қалды. Tengrinews.kz мартериалында толығырақ.

Полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев биыл 60 жасқа толады. ІІМ органдарында 1984 жылдан бастап қызмет етеді. Еңбек жолын Саранск қалалық атқару комитеті ІІД қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел уәкілі болып бастаған. Осы жылдары Солтүстік Қазақстан облысы, Алматы полициясының бастығы, Тергеу комитетінің төрағасы болған.

2012 жылдан - ішкі істер министрінің орынбасары, 2019 жылдан - Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі. Екінші дәрежелі "Айбын", 1 және 2-дәрежелі "Даңқ" ордендерімен, 1-дәрежелі "Қайсар", 2-дәрежелі "Барыс" төсбелгісімен марапатталған.

Қызметтік полиция

Қызметтік полиция қоғамдық қауіпсіздік моделі элементтерінің бірі, ол құқықтық тәртіп саласындағы мәселелерді бірлесіп анықтау және шешу үшін мемлекеттік институттар мен азаматтар арасындағы тұрақты серіктестікке негізделген.

Бұрынғы басқарма басшысы бұған дейін "тыңдайтын мемлекет" және халықпен кері байланыс, Ішкі істер министрлігі жүйесінің қолжетімділігі мен ашықтығы қағидаттарын іске асыру, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру аясында ІІД қызметінің негізгі бағыттарын атап өткен болатын.

Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, тәулік бойы жұмыс істеу үшін қалалардың қылмысқа бейім аймақтарында модульдік полиция бекеттері орнатылды.

Өңірлерде, қоғамдық орындарда және тасжолдарда "Полиция" дабыл түймесі" құрылғысын сынақтан өткізу және кезең-кезеңімен қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Түймені басу арқылы полицияның жедел орталығы қызметкерімен бірден байланысуға болады. Кірістірілген камераның көмегімен бейнежазба қамтамасыз етіледі, ал динамиктер дыбыстық байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Әкімдіктермен бірлесе отырып, учаскелік пункттер салу бойынша шаралар қабылданды, салынып жатқан тұрғын үй кешендерінде учаскелік пункттер үшін үй-жайлар бөлу мәселелері пысықталған.

Бірқатар өңірде халықаралық және отандық сарапшыларды тарта отырып, полицияның қызмет көрсету үлгісін сынақтан өткізу бойынша пилоттық жобалар іске қосылды. 2019 жылдан бастап жоба Қарағанды ​​әкімдігінің базасында, ал 2020 жылдың басынан бастап Нұр-Сұлтан қаласында жүзеге асырылып жатыр. Жобалық топтар Алматы, Ақтөбе және Павлодар облыстарында да құрылды.

Ішкі істер министрлігі көрсететін мемлекеттік қызметтердің электрон форматы

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін қызметкерлер мен халық арасындағы тікелей байланыс барынша азайтылды.

Ішкі істер министрлігіне қарасты 40 қызметтің 38-і автоматтандырылған. Олардың ішінде ең танымалы – көлік құралдарын тіркеу, жеке басын куәландыратын құжаттар мен жүргізуші куәліктерін беру, сондай-ақ азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу. Сондай-ақ, "Шекара" Тіркеу және емтихан бөлімі және стационар бекеттер жойылып, көлікті негізсіз тоқтатуға тыйым салынған. Сондай-ақ, елде 30 күнге дейін болатын шетелдіктердің барлық санатын тіркеудің күші жойылды.

Учаскелік инспекторлар мәртебесі көтерілді

ІІМ-ның бұрынғы басшысы мәжілісте учаскелік полиция инспекторының мәртебесін арттыратын заң жобасын ұсынды.

Бұған дейін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар бұрынғы ішкі істер министрі ұсынған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік фельдъегерлік байланыс және ішкі істер органдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын мақұлдады.

Онда "Ішкі істер органдары туралы" заңға учаскелік полиция инспекторларына құқықбұзушылыққа ықпал ететін себептерді жою туралы ұсыныс енгізуге, сондай-ақ учаскелік көмекшінің мәртебесін бекітуге өкілеттік беретін түзетулер ұсынылады.

Сурет: Polisia.kz

Түзетулер учаскелік полиция қызметкерлеріне құқықбұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жедел жою үшін жеке және заңды тұлғаларға өз бетінше тиісті ұсыныстар енгізу құқығын беруді көздейді (қазіргі уақытта полиция органының басшысы ғана осындай ұсыныстар жасай алады).

Сонымен қатар, ұсынылған заң жобасында қызметтің құрамдас бөлігі ретінде учаскелік инспектордың көмекшісі мәртебесі белгіленген. Көмекшінің болуы, әсіресе, учаскелік полиция қызметкері биліктің жалғыз өкілі саналатын және көбінесе полиция бөлімшелерінен айтарлықтай қашықта орналасқан бірнеше елді мекенге қызмет көрсететін ауылдық жерлерде маңызды.

Киберқылмысқа қарсы күрес бөлімі құрылды

"Онлайн-қызметтер дамуып, интернет-алаяқтықтардың саны 2,3 есе өсті. Осыған байланысты ІІМ киберқылмысқа қарсы күрес орталығының құрылымында осы қылмыстарды ашумен ғана айналысатын арнайы топтар құрылды", - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Ведомствоның экс-басшысы киберқылмыстың трансшекаралық сипаты жағдайында Ішкі істер министрлігі шетелдік әріптестерімен және халықаралық ұйымдармен белсенді ынтымақтаса жұмыс істеп жатқанын баса айтты. Қазақстанды Еуропа кеңесінің 2001 жылғы "Компьютерлік қылмыстар туралы" конвенциясына қосу шаралары жүргізіліп жатыр.

Екі орташа қауіпсіздік мекемесі жабылды

Бұған дейін Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша сотталғандарды тиісті жағдайда ұстау үшін 2020 жылдың аяғына дейін екі орташа қауіпсіздік мекемесін жабу жоспарланған болатын: Қостанай облысы Құсмұрын ауылындағы УК-161/4 және Шығыс Қазақстан облысы Шуақ ауылындағы ОВ-156/17.

Ішкі істер министрлігі ҚАЖ комитеті төрағасының міндетін атқарушы Есқали Саламатов Қазақстанда соңғы онжылдықта сотталғандар саны екі еседен астамға қысқарғанын айтты.

"Осыған байланысты біз бірнеше жылдан бері ең көне, сәулеттік және техникалық жағынан ескірген колонияларды кезең-кезеңімен жабу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мәселен, былтыр төрт мекеме таратылды. Оңтайландыру кезінде облыс орталықтарынан шалғай орналасқан мекемелерге де баса назар аударылып отыр. Үнемделген қаржы басқа түзеу мекемелерін материалдық-техникалық жағынан нығайтуға бағытталды", - деді Есқали Саламатов.

Полиция формасы өзгерді

Бұған дейін Тұрғымбаев 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап полицейлер жаңа форма киетінін айтқан болатын.

Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

"Осы жылдың күзінде форманы бекіттік. Оны таныстырдық. Одан кейін "Еңбек" РМК, тігін бірлестіктері - бас бостандығынан айыру орындарында 1200-ге жуық тігін орны бар, форма тігеді. Біріншіден, жұмыспен қамту, екіншіден, шығындарды азайту үшін.

Әрине, олар бір күнде тігілмейді, сондықтан алдын ала конкурстық құжаттамаға сәйкес мемлекеттік сатып алу арқылы форма 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін тігіліп, дайын болады деп болжап отырмыз, ал сол күннен бастап көптеген өңірде Патрульдік полиция қызметкерлері жаңа формада жұмыс істей бастайды", - деді Тұрғымбаев мәжіліс алаңында.

2021 жылдың жазында Ерлан Тұрғымбаев Tengrinews.kz сайтына сұхбат берді.

"Министр болып тағайындалған кезде бүкіл департамент пен реформаға жауапты екенімді түсіндім... 100 мыңнан астам қоластындағы қызметкері бар департаментті басқару, онда тәртіп орнату, ішкі істерді реформалау, органдар, полиция деңгейін көтеру – бұл үлкен, жауапты міндет", - деді ол сұхбатында.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 439.43   490.7   4.81 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети