Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтен халықаралық байқаулар жүлдегерлерін ҰБТ-дан босатпауды сұрады. Бұл туралы ол "Алатау" жаңа концерт залында өткен жыл сайынғы тамыз кеңесінде айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтен халықаралық байқаулар жүлдегерлерін ҰБТ-дан босатпауды сұрады. Бұл туралы ол "Алатау" жаңа концерт залында өткен жыл сайынғы тамыз кеңесінде айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Қазақстанның "Білім туралы" заңында ғылыми жобалардың халықаралық байқауларының жүлдегерлері мен қатысушыларын ҰБТ тапсырудан босатуды алып тастауды ұсынамын. Тек қана жалпы білім беру пәндері бойынша өтетін халықаралық олимпиада жеңімпаздарын босатуды қалдыруды ұсынамын. Иә, бұл жақсы идея болатын, бірақ соңғы кездері бұл мүмкіндікті теріс ниетті азаматтар пайдаланатын болды", - деді Есімов.
Бұған дейін Білім және ғылым министрінің бұрынғы орынбасары Мұрат Әбенов те ҰБТ-дан босатудың жемқорлыққа жол ашатын тетік екенін айтқан болатын. Ол өткен жылы талдау жүргізілгенін, соның нәтижесінде соңғы үш жылда халықаралық олимпиада қатысушылары санының геометриялық прогрессия бойынша өсіп келе жатқаны байқалғанын айтты.
Еске сала кетейік, бүгін, 20 тамыз күні қаланың білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті. Жергілікті билік биыл оны "Алатау" жаңа концерт залында өткізуді ұйғарған. Бірақ спикерлердің сөз сөйлеуі кезінде залда жарық өшіп қалды. Қала әкімі мен министрге баяндаманы қараңғыда микрофонсыз жасауға тура келді. Дегенмен олар сасқан жоқ, "кез келген жағдайда" жұмыс істей алатынын айтып, әзілдеді. Кейін құрылысшылар жарықтың не себепті өшкенін түсіндірді. Шарада министр мен әкім қаланың үздік педагогтарын алғысхаттармен және сыйлықтармен марапаттады.
Ұлттық бірыңғай тестілеу - түлектер білімін бағалаудың Қазақстанда қабылданған жүйесі. Орта білім беру мекемелері ҰБТ нәтижелерін мемлекеттік қорытынды аттестация нәтижесі ретінде қабылдайды, ал колледждер мен жоғарғы оқу орындары үшін ол - қабылдау емтихандарының көрсеткіші.