Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Ерден Қажыбек "Қамшы" ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында латын әліпбиіне көшудің пайдалы жақтарын тізіп берді.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Ерден Қажыбек "Қамшы" ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында латын әліпбиіне көшудің пайдалы жақтарын тізіп берді.
Айта кетейік, кеше, 12 сәуірде Қазақстан Президенті "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында жыл соңына дейін латын әліпбиіне көшу жобасын даярлауды ұсынған болатын. "Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес", - деген еді Мемлекет басшысы.
Ғалымның пікірінше, бұл - біздің ұлттық мүддеге арналған керемет бағдарлама. "Дегенмен, жалпы алғанда, жұртшылық кирилл, яғни орыс әліпбиіне үйреніп кеткен. Бірақ біз маңызды бір мәселеге көңіл бөлмей келеміз. Ол - сауатты, қате жібермей жазу мәселесі. Ал, қазіргі газет-журналдарды алсаңыз, орфографиялық нормалардың сақталмауы, қателер деген өріп жүр - оны мойындау керек. Мысалы, "Айқын" шекара деп жазса, "Егемен" шегара деп жазады. Осы сынды қателер өте көп. Біздің мемлекеттегі классикалық үлкен басылымдар осындай қателіктерді жібереді, тіпті, әр журналистің өзіндік жазу принциптері бар. Ғылым бекіткен ережелер бөлек, ал әр ақынның, әр журналистің, әр жазушының жазу тілі мүлдем бөлек. Бұл дұрыс емес, белгілі бір жүйе қалыптасу керек, бірдей орфографиялық норма болуы тиіс және ол сақталуы шарт. Бұл - өте үлкен мәселе", - дейді Ерден Қажыбек.
Сонымен қатар, ол қазіргі уақытта тіліміздегі төл дыбыстардың саны 26-28, ал әріптеріміздің саны 42, екі есе көп екенін айта келе, кириллицаны 30-жылдардың аяғы мен 40-жылдардың басында қабылдаған кезінде еліміз өте қиын жағдайда болғанын айтады.
"Орфографияға да, орфоэпияға да сауатты бүкіл адамдарды құртып, жоғары жақтан кириллицаны бұйрықпен күштеп енгізген болатын. Қазақ тіліне еш қатысы жоқ, біздің табиғатымызға жат әріптерді кіргізе салды. Сол бір орыс әліпбиінің негізінде қазақ тілі әліпбиінің 20-30 шақты нұсқасын жасап берді. Мысалы, біз башқұртпен, ноғайлармен сөйлескенде тілімізде ешқандай да айырмашылық жоқ, бір-бірімізді оңай түсінісе аламыз, бірақ бір-біріміздің кітаптарымызды оқи алмаймыз. Себебі, біздің әліпби орыс әліпбиі негізінде жасалған. Қазақ тілінде бір ғана дыбысты беретін әріптер кириллицада екі-үш таңбамен таңбаланады", - дейді ол.
Ержен Қажыбек. © Qamshy.kz
"Біз латын әліпбиіне көшеміз бе әлде ораламыз ба?" деген сұраққа ғалым нақтылы жауап берді. Оның пікірінше, бұл - латын әліпбиіне көшу емес, оған қайтадан оралу.
"Кезінде бүкіл халық бір әліпбиді қолданатын, ол – төте жазу, яғни араб әліпбиінің негізінде жасалған. Оны бізде ең алғаш құрастырған Ахмет Байтұрсынұлы болатын. Әрине, біршама ұсақ-түйек айырмашылықтар болды өзге тілдерден. Бүкіл түркі халықтарының ішінде әліпбидің ең ыңғайлысы, ең қолайлысы қазақтарда болатын. Кейіннен латын әліпбиіне көштік. Сол кезеңде латын әліпбиіне көшуді ең алғаш әзірбайжан мен қазақ халқының зиялылары бастаған. Бұл - Түркияның инициативасы емес. Бүкіл түркі халықтар жиналып, Бакуде үлкен конференция өткізіп, латын әліпбиіне көшуді дауысқа салып, сол жерде шешім қабылдаған. Содан кейін Түркия халқы бауырларымыздан айырылмайық деп, олар да латынға көшкен. Ал, бізді 10 жылдан кейін кириллицаға аударып жіберді. Қазір халық кириллицаға еті үйреніп кеткенмен, бұл әліпби мүлде қолайлы емес. Қазақ халқы, әсіресе, жастары қазақ тілінде бір мәтінді оқыса, акцентпен оқиды. Сонымен қатар, артық таңбалар өте көп. Мысалы, қазақ мәтінінде орыс тіліндегі сөз кездессе, оны орысшада қалай жазу керек, дәл солай жазамыз, оқылу нормасына сай оқимыз. Ал, қазақтың сөздері олай айтуға келмейді. Осыдан барып айтылу артикулияциясы, қазақ әріптерінің дыбысталуы бұзылады. Сондықтан да бұл - латын әліпбиіне көшу емес, оған қайтадан оралу", - деп тұжырым жасады Ерден Қажыбек.
Айтуынша, латын әліпбиін жасау - ғылыми проблема емес, өте оңай құбылыс болады.
"Ол кезден бері біршама уақыт өтті. Сол заманда латын әліпбиін жасағанда бүкіл түркі халықтары бір-бірімен өзара келісімге келіп, ортақ түрік әліпбиін жасау мәселесін қозғаған және соның негізінде жасалған. Ал қазіргі таңда не себепті латын әліпбиіне көшу мәселесі көтеріліп отыр? Себебі, қазақ тілі - түркі тілдерінің ішіндегі ең негізгісі, ең бай тіл. Өзіміздің бауырлас елдермен түсінісе алатын және бір-біріміздің жазғанымызды оқи алатындай болуымыз керек. Латын әліпбиін жасау - ғылыми проблема емес, өте оңай құбылыс болмақ. Тіл білімі институтына тапсырма берілді, бірнеше үлкен монографиялық еңбектерді зерттеп, жаңа әліпбиді жасау қиын жұмыстар емес. Бірақ, біз осы уақытқа дейін латын әліпбиіне көшпей отырдық. Неге? Себебі, қасымызда үлкен көршіміз отыр. Еліміздегі жағдайларды аздап ретке келтіріп, асығыстық жасамай, экономикамызды біраз көтеріп барып колға алу керектігін түсіндік. Жан-жақты елімізді нығайтып, халықаралық дәрежеде орнымызды қадап белгілеп алу қажет болды. Мұндай үлкен келелі мәселеде асығыстық жасауға болмайды", - деді ғалым.