Головкин абсолют әлем чемпионы титулы үшін қашан жұдырықтаса алады? 27 ақпан 2019, 10:43

Алдағы күндері қазақстандық Геннадий Головкин мен DAZN телетрансляторы келісімшартқа отырғанын ресми түрде хабарлауы мүмкін. Танымал сарапшылардың бірі, бокс пен ММА туралы жазатын vRINGe.com интернет-журналының бас редакторы Антон Горюнов бұл әріптестіктің қосымша пайдасын атады.
Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында ол Головкиннің орта салмақта абсолютті әлем чемпионы титулы үшін жекпе-жек өткізу мүмкіндігі туралы айтты.
"Егер Деметриус Андраде британиялық Билли Джо Сондерске қарсы кездесуде өз титулын қорғап қалса, бұл Геннадий үшін жақсы жаңалық болмақ. Себебі бұл жағдайда Сауль Альварес - Дэниэл Джейкобс және Сондерс - Андраде жекпе-жектерінің жеңімпаздары өзара абсолют үшін жұдырықтасуы ықтимал.
Оған дейін Головкин телетранслятормен мәселені шешіп, бір-екі кездесу өткізіп, сол абсолютке қарсы шыға алады. Бұл абсолют "Канело" болады деп ойлаймын. DAZN-мен келісімшартқа отырудың Геннадий үшін тағы бір пайдасы - осы", - деді Горюнов.
2012 жылдан бері Головкин НВО-да өнер көрсеткен, бірақ америкалық телеарна бокстан кеткеннен кейін, ол еркін агент атанды. Бұл телеарнамен келісімшарт аясындағы соңғы жекпе-жек Альвареске қарсы рематч болған, бұл кездесу ақылы трансляция жүйесінде (PPV) көрсетілді.