12 сәуір 2022 | 10:00

Халық табысын арттыру, Рим Папасының келуі. 11 cәуірде Қазақстанда және әлемде не болды?

Мұхтар Жәмішжанов Корреспондент
Фото Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Биыл Рим Папасы Қазақстанға келеді. АҚШ билігі Тоқаевтың саяси күн тәртібін қолдайтынын айтты. Қазақстанда АЕК және ең төменгі күнкөріс деңгейі артуы мүмкін. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Биыл Рим Папасы Қазақстанға келеді. АҚШ билігі Тоқаевтың саяси күн тәртібін қолдайтынын айтты. Қазақстанда АЕК және ең төменгі күнкөріс деңгейі артуы мүмкін. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.

Қазақстанда сынақтан өткен ойыншықтардың жартысына жуығы қауіпті

Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қызметкерлері ай сайын ойыншықтардың қауіпсіздігіне мониторинг жүргізеді. Осылайша, 2022 жылдың 2 айында республика бойынша 397 үлгі іріктеліп, зерттелді, оның 173-і талаптарға сәйкес келмеді, бұл 43,5 пайызды құрады. Оның ішінде, отандық -1 (0,5 пайыз), ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер - 16 (9,2 пайыз), басқа елдер - 156 (90,1 пайыз).

Реклама
Реклама

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде жаңа басшы

Тамара Дүйсенова Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылды

Фото: Ақорда

Жамбыл облысында жоғалып кеткен сарбаз өлі табылды 

Жамбыл облысындағы "Андас батыр" шекара бөлімінен жоғалып кеткен сарбаз өлі табылды. 10 сәуірде сағат 17:40 шамасында Панфилов Ішкі істер департаментінің кезекші бөліміне мемлекеттік шекара маңында 20-25 жастағы ер адам өлі табылғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына барған тәртіп сақшылары жартаста өз белдігіне асылған мәйітті тапты. Факт ақпаратты тіркеу журналына тіркелді. Ведомство мәліметінше, марқұм 19 жастағы Қазақстан азаматы Б.Ұ. екені анықталып, сараптама тағайындалған.

Фото: Туыстары ұсынған

Қазақстанда астық тапшылығы бар ма?

Қазақстанда астық тапшылығы жоқ, дән жеткілікті. Бұл туралы ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді. Алдын ала статистикалық мәлімет бойынша, 1 сәуірде республикада 6,4 миллион тонна астық болған. Вице-министрдің айтуынша, ішкі тұтынуды есептегенде, бұл көлем өзімізде қалдыруға және бір бөлігін ұн ретінде экспортқа жіберуге жеткілікті.

Қазақстанда нан қымбаттауы мүмкін бе?

Ауыл шаруашылығы министрлігінің егіншілік департаментінің директоры Азат Сұлтанов Қазақстанда әлеуметтік нан қымбаттамайтынын жеткізді. Оның сөзінше, әлеуметтік нан бағасы мемлекет тарапынан бекітіліп, мониторингта болады. Оның бағасы өңірлерде тұрақты. Бағасы өзгермейді. Егер ұн өндірістерінде тапшылық не басқа да қымбаттау болса, бұл жағдайда субсидиялау бойынша бағдарлама іске қосылады. Өңірлерде нанды қазіргі баға бойынша өндіру белгіленеді. Яғни әлеуметтік нанның қымбаттауына негіз жоқ. Азат Сұлтанов басқа нан өнімдері - круасан, багет және тағы басқасының бағасы шикізат бағасына қарай белгіленетінін атап өтті

Қазақстанда АЕК және ең төменгі күнкөріс деңгейі артуы мүмкін 

Қаржы министрлігі "2022-2024 жылға арналған республикалық бюджет туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын дайындады. Заң жобасына сәйкес, Қазақстанда 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері - 20 191 теңге (қазіргі уақытта 19 450 теңге), ең төменгі зейнетақы - 48 032 теңге (қазіргі уақытта 46 302 теңге), жәрдемақы және басқа да әлеуметтік төлемдерді есептеу, сондай-ақ өсімпұл, салық және басқа да төлемдер үшін айлық есептік көрсеткіш - 3180 теңге (қазіргі уақытта 3 063 теңге), базалық әлеуметтік төлемдер мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі - 37 389 теңге (қазіргі уақытта 36 018 теңге) болуы мүмкін. Заң жобасын ресми талқылау 21 сәуірге дейін жалғасады.

Алик Айдарбаев "ҚазМұнайГаз" төрағалығынан кетті

"Самұрық-Қазына" АҚ басқармасының шешімімен Құрманғазы Есқазиев "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Ал Алик Айдарбаевтың басқарма төрағасы ретіндегі өкілеттігі берген өтініші бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылды.

Алик Айдарбаев. Фото facebook.com 

Қорғаныс министрлігінде ауыс-түйіс болды 

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың бұйрығымен Генерал-майор Алмаз Шұғайұлы Ахмадиев Қазақстан Қарулы Күштерінің Тыл бастығы лауазымына, полковник Бақытбек Сапарбекұлы Сыдықов Қазақстан Қарулы Күштері Қару-жарағының бастығы лауазымына тағайындалды

АҚШ Тоқаевтың саяси күн тәртібін қолдайтынын айтты

АҚШ Мемлекеттік хатшысының азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары жөніндегі орынбасары Узра Зея АҚШ Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси күн тәртібін қолдайтынын айтты. Нұр-Сұлтандағы Сыртқы істер министрлігі ғимаратында журналистер алдында сөйлеген сөзінде АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары екіжақты қарым-қатынастардың 30 жылдығын тойлап жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, АҚШ билігі Орталық Азия елдерімен байланыс орнатуда Қазақстанның маңызын жақсы түсінеді.

Фото:eadaily.com

АҚШ санкциялардың Қазақстанға әсерін жеңілдетуге тырысады

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға әсері туралы айтты. Оның сөзінше, Үкімет АҚШ өкілдерімен барлық деңгейде белсенді келіссөздер жүргізіп жатыр. Сыртқы істер министрлігі бұған дейін мүдделі тараптар арасында келіссөздердің бірнеше раундын ұйымдастырған. Келіссөздерге мемлекеттік органдар, "Атамекен" ҰКП өкілдері, АҚШ тарапынан елшілік, Мемлекеттік департамент және басқа да ведомство өкілдері қатысқан. Консультация барысында біздің тарапқа санкцияларға байланысты жауаптар берілді. Америкалықтар бұл санкциялардың Қазақстан экономикасына тигізетін әсерін жеңілдету үшін барынша тырысып жатыр.

Қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде күдікті деп танылған жоғары лауазымды полицейлерге қандай айып тағылды?

ҰҚК және Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы Полиция департаменттерінің, Алматы әуежайы ғимаратын қараусыз қалдырып кету дерегі бойынша жұмыстар жалғасады. Бұл орган жетекшілері күдікті ретінде танылған. Жамбыл облыстық Полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары қызметтік қаруды сақтауға жауапты болған және арсеналдың бір бөлігін талан-таражға салуға жол берген. Нәтижесінде, қылмыскерлер 610 қару-жарақ, соның ішінде пулемет, тапанша және гранатометтерді алып кеткен. Бас прокуратураның бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжановтың айтуынша, қазіргі уақытта 206 қару ғана табылған, қалғаны қылмыскерлер қолында

Тоқаев халық табысын арттыру бойынша тапсырма берді 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановты қабылдады. Президентке халықтың табысын арттыру бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берілді. Ералы Тоғжанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа жалақыны көтеру ісінің 1 миллионнан астам бюджеттік сала қызметкерлері мен квазимемлекеттік сектордың өндірістік персоналын қамтитынын хабарлады. Сондай-ақ кәсіпкерлікке міндеттемелер белгілеу арқылы мемлекеттен көмек алатын ірі бизнестегі 2,8 миллион қызметкердің еңбек табысын арттыру қарастырылған. Кездесу соңында Президент халықтың табысын арттырудың айрықша маңызды екенін атап өтіп, Үкіметке бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Фото: Ақорда 

Ономастикалық комиссия жаңа облыстар атауын мақұлдады  

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың төрағалығымен Үкімет жанындағы республикалық ономастика комиссиясының отырысы өтті. Отырыста жаңа облыстардың атауы мақұлданды. Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері әкімдіктердің ұсынысын мақұлдады. Жақын арада комиссияның қорытындысы дайындалып, заңнамаға сәйкес одан әрі жұмыс істеу үшін облыстардың әкімдіктеріне жіберілетін болады. Бұған дейін республикалық ономастика комиссиясы Қапшағай қаласын Қонаев деп қайта атау туралы оң қорытынды берген болатын.

Рим Папасы Қазақстанға келеді 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнебайланыс режимде Рим Папасы Францискпен келіссөз жүргізді. Кездесу барысында Қазақстан мен Ватикан арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың перспективалары, сондай-ақ конфессияаралық келісім мен дінаралық диалогты ілгерілету мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, биыл қыркүйек айында елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің күн тәртібіне баса мән берілді. Рим Папасы Қазақстанға ресми сапармен келетінін, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысатынын растады. Сондай-ақ өзінің Қазақстанға сапары мен алдағы уақытта өтетін форумнан үлкен үміт күтетінін жеткізді.

Фото: Ақорда  

Францияда сайлаудың алғашқы нәтижелерінен кейін жаппай наразылық басталды 

Францияның бірқатар қаласында президент сайлауының бірінші турының қорытындысына қарсы жаппай наразылық шерулері өтті. Тек Ренн қаласында наразылыққа 500-ге жуық адам шыққан, көпшілігі - жастар. Белсенділер антикапиталистік және антифашизмге қарсы ұрандар айтып, қала орталығын аралап өткен. Наразылық білдірушілер президент сайлауына түскендердің ешқайсын - Эммануэль Макронды да, Марин Ле Пенді де қолдамайтындарын айтты.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная