iPhone жарылып, өртеніп кете жаздаған қыздың туыстарымен Apple өкілдері байланысқа шықты

29 Желтоқсан 2016, 09:01
1
© Диапазон
© Диапазон

Apple корпорациясының Мәскеудегі өкілдігі ұялы телефонның жарылу оқиғасын білу үшін хабарласты. Олар "Диапазон" редакциясы арқылы зардап шеккен қыздың туыстарымен байланысқан.

Порталдың мәліметінше, Мәскеудегі кеңсенің өкілдері осы аптада iPhone 5S маркалы телефоны жарылған қыздың туыстарымен сөйлескен.

Айдың ортасына қарай ақтөбелік қыз ұялы телефоны жарылып, ауруханаға түскен болатын. Сол уақытта телефонның маркасы жайлы ештеңе айтылмаған. Енді "Диапазон" газеті оқиғаның мән-жайын анықтады. Сөйтсек, зардап шеккен қыз 28 жастағы Ардақ Орынбасарова болып шықты. Ол басылым тілшілеріне iPhone 5S смартфонынан күйіп қалғанын айтып берді: "Оянып кетпесем, өлуім де мүмкін еді". Беті, қолы, аяғы және арқасы күйген қыз 18 желтоқсанда ауруханаға түскен. Бір тәулік бойы ол жансақтау бөлімінде жатқан, ал келесі күні травматология бөліміне ауыстырылыпты.

"Өрт болған күннен бері ұйықтай алмаймын. Ауырсынамын, оның үстіне жарық түссе, өрт елестейді. Сөйлеу қиын, ыстан солай болып қалды", - дейді зардап шеккен қыз.

"Бұл оқиға түнгі 3.00 шамасында болды. Ұйқы алдында iPhone-ды қуат көзіне қостым да, жаныма қойдым, төсегім екі адамдық. Таңға жуық ерте тұруым керек болды да, ұялы телефонның оятарын қостым. Түннің бір уақытында біреу мені итергендей болды. Оянып кеттім. Қарасам - төсегімнің екінші бөлігі жанып жатыр, бөлме түтіндеп кеткен. Айғайлағым келді, көмек сұрағым келді, даусым шықпайды, түтін жұтып қойғанмын. Бірінші қабаттан әкем жүгіріп келді, бірақ есікті бірден аша алмады, құлыпталып қалыпты. Мені көшеге алып шықты, өзім 102-ге қоңырау соқтым. Бөлмем, iPhone, тоным, ноутбугім өртеніп кетті. Әлі күнге дейін есімді жия алар емеспін", - дейді Ардақ.

Оның айтуынша, iPhone 5S смартфонын ол 2015 жылы ағайынды Жұбановтар көшесінде орналасқан Vokk салонынан сатып алыпты. "Үш ай бойы 60 мың теңге жинадым, қалған 60 мың теңгесін несиемен рәсімдедім. Өзім фитнес-орталықта жұмыс істеймін, әлеуметтік желіде "Луч надежды" деген топты жүргіземін, қайырымдылықпен айналысамын. Мини-футболдан турнирлер өткіземіз, түскен қаражатты қарттар үйіне, Жайсан интернатындағы балаларға, балалар үйіне, Ана үйлеріне береміз. Мен әрдайым байланыста болуым қажет, сапалы сурет керек, сондықтан iPhone сатып алуым керек болды. Жарнамасында қауіпсіз деп жазылған еді. Бізге ешқандай да қауіпсіздік кепіл етілмейді. Телефонды барахолкадан, біреу-міреуден сатып алған жоқпын, ұялы байланыс салонынан алдым", - дейді қыз. 

Ол енді еміне жұмсалатын қаражатты өндіру үшін салонға шағым түсірмекші. "120 мың теңгені iPhone үшін бердім, тоным, төсегім, ноутбугім өртенді, кем дегенде 20 күн ауруханада жатамын, жазылған соң пластикалық ота жасауым керек шығар. Күн сайын 6 мың теңгеге дәрі сатып аламын. Таяу уақытта жұмысқа шыға алмаймын. Бұған кім жауап береді? Иә, тірі қалғаным үшін қуаныштымын, түгелдей өртенбегенім үшін, бірақ менің шығыным бастан асады. Бір танысымның iPhone 5S смартфоны көзінше өртеніп кетті. Ол ешкімге ештеңе айтпай-ақ, жаңасын сатып алды. Бірақ, менің ойымша, зардап шеккендер бас қосып, өз құқығын қорғауы керек", - деп мәлімдеді ол.

Дәрігері Нұрлан Әбішевтің айтуынша, Ардақтың денесінің 30 пайызы күйіп қалған, күйік екінші және үшінші дәрежелі, сондай-ақ, ол түтінге тұншығып қалған. Дермазин жақпа майы тегін препараттар тізіміне кірмейді, сондықтан қыз оны өз қалтасынан сатып алуы керек.

"Ұялы телефоны жарылып, бізге түсіп жатқан бірінші науқас, - дейді дәрігер. - Барлық танысына абай болуға кеңес беріп жатырмыз".

Ал Vokk ұялы байланыс салонындағылар "Диапазон" тілшісіне жағдайды шешуге дайын екенін айтыпты. "Ұялы телефонның қандай жағдайда өртенгенін анықтау керек. Жөндеу жұмыстары болған ба, түпнұсқа қуаттағыш құрылғыны пайдаланды ма, қандай уақытта қуаттағаны. Түнде қуаттау кеңес етілмейді. Қуаты 100 пайыздан асқаннан кейін, батарейі ісініп кетуі мүмкін. Бұл Samsung телефондарында да бар ақау. Тіпті түпнұсқа құрылғыны пайдаланса да, осындай ақау шығуы мүмкін", - депті мекеме әкімшісі Сергей.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (1)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай