Цифрлық даму министрлігі телекоммуникация саласындағы ережелерді түбегейлі өзгертетін ауқымды заң жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Негізгі тармақтардың бірі – базалық байланыс станцияларын тұрғындардың келісімінсіз үй шатырларына орнатуды жеңілдету, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қандай ұсыныс жасалды
Егер түзетулер қабылданса, байланыс операторлары базалық станциялар мен басқа телекоммуникациялық жабдықтарды ғимараттардың шатырларына – соның ішінде кондоминиумдарға – тұрғындардың келісімінсіз орналастыра алады. Жабдықты орнатуға қойылатын жалғыз талап – санитарлық-эпидемиологиялық қорытындының болуы.
Сонымен қатар:
- егер санитарлық нормалар сақталса, тұрғындар жабдық орнатуға тыйым сала алмайды;
- жабдық ақысыз негізде орнатылады;
- бұл тек тұрғын үйлерге ғана емес, басқа да жылжымайтын мүлік нысандарына қатысты.
Билік бұл шараларды елдің кез келген нүктесінде, соның ішінде халық тығыз қоныстанған және жаңа аудандарда жоғары жылдамдықты интернетпен (100 Мбит/с және одан жоғары) қамтамасыз ету қажеттілігімен түсіндіреді, өйткені бұл аймақтарда әлі де кемшіліктер бар.
Бұл неге дау тудыруы мүмкін
Кейінгі жылдары Қазақстанда радиофобия – базалық станциялардан қорқу тақырыбы жиі көтеріліп жүр. Ғылыми дәлелдер болмаса да, жабдық орнату әлеуметтік желілерде жиі дау тудырады. Жаңа заң жобасы телекоммуникация инфрақұрылымын қоғамдық игілік ретінде қарастыруды ұсынып отыр, яғни бұл жеке қорқыныштардан жоғары қойылады.
Тағы не өзгереді?
Заң жобасында бірқатар маңызды мәселелер де қамтылған:
- төтенше жағдайлар мен байланыс үзілістері жағдайына арналған базалық және
- жылжымалы станциялардың заңды анықтамасы енгізіледі;
- антенна-діңгек құрылымдарына жер алу тәртібі жеңілдетіледі;
- сату алдында құрылғыларға қазақстандық бағдарламалық қамтамасыз етуді орнату міндетті болады;
- байланыс сапасын жақсарту үшін операторлар есебінен арнайы қор құрылады;
- телефон және интернет алаяқтығымен күрес кеңейтіледі.
Заң жобасы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Президент Жолдауын орындауға бағытталған Ұлттық жоспардың 39-тармағын іске асыру аясында әзірленіп жатыр. Түсіндірме жазбада бұл шаралар бюджеттен қосымша қаражатты қажет етпейтіні, ал олардың мақсаты – цифрлық теңсіздікті жою және Қазақстанның өңірлік цифрлық хаб ретіндегі позициясын күшейту екені атап өтілген.
Жоба 5 маусымға дейін "Ашық НҚА" платформасында жарияланған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!