Елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков ұлттық компания басшылығының ауысқанына қарамастан, әкімдіктің EXPO-2017 көрмесін өткізуге бағытталған жұмыстарының жүйесі өзгермейтінін айтты., - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Астана әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков ұлттық компания басшылығының ауысқанына қарамастан, әкімдіктің EXPO-2017 көрмесін өткізуге бағытталған жұмыстарының жүйесі өзгермейтінін айтты., - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Астана әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Бүгін елорда әкімдігінде Астана әкімі Әділбек Жақсыбековтың төрағалығымен кезекті аппарат жиналысы өтті. Күн тәртібінде халықаралық EXPO-2017 көрмесіне туристерді тарту бойынша жұмыстарды жүзеге асыру реті талқыланды.
Астананың EXPO-2017 халықаралық көрмесіне дайындығына тоқтала отырып, қала басшысы Астананың халықаралық байланыстарын кеңейту керектігін сөз етті. "Ұлттық компания басшылығының ауысқанына қарамастан, әкімдіктің ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге бағытталған жұмыстарының жүйесі өзгермейді. Бұған дейін мен жақын орналасқан қалалар мен аймақтарға ресми сапарлар жасау мәселесін шешіп, оларды ақпараттандыру және көрмеге тартуды жүзеге асыруды тапсырған болатынмын. Бұл әкімдіктің ресми шарасы, оларды EXPO-2017 көрмесін насихаттауға қосымша құрал ретінде пайдалануға болады", - деді қала басшысы.
Осыған орай, әкім елорданың іскер және мәдени ортасының халықаралық шараларға қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды. Жиын барысында елордадағы жол жөндеу жұмыстары, сондай-ақ, жаяу жүргіншілердің жол асты және жол үсті өту орындарының жағдайы талқыланды.
Автомобиль жолдарының жағдайына тоқтала кете, қала басшысы олардың сапасыздығы қоғамдық көлік модернцизациясына кері әсерін тигізетінін айтты. "Қала тұрғындары Астананың жолдарымен күнделікті қатынап, жолдардың сапасыздығына көп сын айтады. Жолдардың жағдайы сәйкес деңгейде болмағасын күнделікті ондаған автобустарды жөндеуге тура келеді", - деді Жақсыбеков.
Қаладағы тағы бір түйткілді мәселелердің бірі - жаяу жүргіншілерге арналған жол асты өту орындары болып табылады. Атап айтқанда, әкім ол жерлердегі заңсыз сауданың жүргізілетіндігіне және жол асты өту орындары жағдайының нашарлығына назар аударды. Жақсыбеков қаланың перспективті жоспарында жаяу жүргіншілерге арналған 19 жол асты және жол үсті өту орындарының құрылысы жоспарланғанын хабарлады. Олардың 18-і ЛРТ жолақтарын салу желісі бойынша жүзеге асырылмақ. Осы орайда әкім Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен "Астана ЛРТ" АҚ-на қаладағы барлық нысандарды тексеру жұмыстарын, олардың жарамдылығын анықтау шараларын өткізуді тапсырды.
Еске сала кетейік, осыған дейін Ахметжан Есімовтің "Астана ЭКСПО-2017 ҰК" АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалғаны хабарланған болатын. Бұдан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Есімовтің тәжірибесінің қазіргі уақытта Астанада EXPO-2017 көрмесін ұйымдастыру және өткізу үшін қажет екенін атап өтті. "EXPO-2017 - біздің болашағымыз. Көрме нысандарының құрылысы - бұл міндеттің тек бір қыры ғана. Оның басқа, әлдеқайда маңызды қыры - мазмұндық толығуы. EXPO-2017 Қазақстанның барлық салада балама энергетиканы дамыту арқылы жаңа технологиялық құрылысқа өтуі үшін серпін беруі тиіс. Ұлттық компанияның басшылығына үкіметпен, барлық өңірлердің әкімдіктерімен іс-қимыл жасайтын, инвестиция және технология тарту үшін әлемнің ондаған елдерімен жұмыс істейтін тәжірибелі адам керек, - деді Мемлекет басшысы.