Жер астында 400-ден аса шахтер қалып отыр - "АрселорМиттал Теміртау"

14 Желтоқсан 2017, 19:06
1

"АрселорМиттал Теміртау" АҚ өкілдері көмір департаментінің шахталарындағы жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір департаменті шахталарының директорлары күн сайын наразылық білдіріп жатқан шахтерлермен келіссөз жүргізу үшін күн сайын 2-3 реттен шахталарға түсіп жүр. 14 желтоқсанда, әңгімелесуден кейін басшылық шамамен 100 адамды жоғары шығарды. Соңғы мәліметтер бойынша, "Казахстанская", "Шахтинская", "Тентекская" және Ленин атындағы шахталарда 400-ден аса адам қалып отыр", - деп хабарлады компаниядағылар. 

Сонымен қатар, басқа шахталарда жер астында адам жоқ екені хабарланды.

"Түнде "Тентекская" шахтасына "АрселорМиттал Теміртау" АҚ бас директоры Парамжит Калон, персонал жөніндегі директор Анна Адом, өндіріс жөніндегі директордың орынбасары Рамеш Иер, Қазақстан Республикасының инвестиция және даму министрі Алик Айдарбаев, Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігінің еңбек жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Төлеген Оспанқұлов және Қарағанды облысының прокуроры Марат Сексембаев, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, сондай-ақ, барлық шахтаның "Қорғау" кәсіподақтар төрағалары келді", - деп атап өтті  "АрселорМиттал Теміртау" өкілдері.

"Мен бүгін шахталарға төрт рет түсіп, шахтерлерге жер астында отырудың мәселенің шешімі емес екенін түсіндірдім, жер бетіне дереу шығып, келіссөз жүргізу керектігін айттым. Шахтерлер шыға бастады. "Тентекская" шахтасынан өз басым 37 адамды шығардым", - деді "АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір департаментінің өндіріс жөніндегі директоры Таңат Дауов.

Сондай-ақ, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының аты-жөнін атағысы келмеген топ-менеджерлерінің бірі наразылық білдіріп жатқан шахтерлердің талабына қатысты пікір білдірді.  

"Егер біз шахтерлердің жалақысын 100 пайызға өсірсек, барлық кәсіпорын мен ұйымның да еңбекақысын көтеру қажет болады. Іле-шала әлеуметтік маңызы бар тауарлардың да бағасы көтеріледі. Осылайша, шахтерлердің дегеніне көнсек, бұдан да ауыр проблемаға тап боламыз, бұл еліміздің экономикасы мен ұлттық валютасына нұқсат келтіруі мүмкін. Бүгінде бұл салада шығын шаш-етектен, салдары өте қиын болуы мүмкін. Сондықтан шахтерлер заңсыз наразылықты дереу тоқтатып, конструктив диалогқа келуі тиіс", - деп есептейді компания маманы. 

Ол ереуіл салдарынан кокстенген көмірге тәуелді металлургиялық комбинат жұмысын тоқтатуы мүмкін екенін атап өтті. Мұнымен қатар, "Абайская" шахтасынан көмір жағатын ЖЭО-2-нің тоқтап қалу қатері бар екен. "11 желтоқсаннан бері қорды байыту жүргізіліп жатқан жоқ. Осылайша заңсыз ереуілдің салдарынан теміртаулықтар жұмыссыз ғана емес, жылу мен электрсіз де қалуы мүмкін", - деді ол.

Еске салайық, 11 желтоқсанда "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның төрт шахтасының кеншілері ауысымнан кейін жер бетіне шықпай қойған. Кейін оларға тағы төрт шахтаның жұмысшылары қосылған. Ереуілге шыққандардың туыстары әлеуметтік желілерде жариялаған мәлімет бойынша, кеншілер жалақыны көтеріп, еңбек жағдайын дұрыстауды талап етіп отыр. 

13 желтоқсанда бірнеше кенші әлсіреп, шахтадан шықты деген мәлімет тарады.


Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (1)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай