02 желтоқсан 2021 10:57

"Жеті ата" дәстүрі - жетелік белгісі

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақ халқы - бағзы заманнан бері қарай жеке отбасы әулетін, үлкен қара шаңырағын таза сақтау үшін, қандастық қалпын бұзбау, тегін, генін өзгертпеу, басқа жат ұлттар мен ұлыстарға сіңіп, кіргіп кетпеу үшін "Жеті ата" дәстүрін ұстанған халық. Арысын айтсақ, сонау ғұн, сақ, алан, үйсін, көк түрік замандарынан бастау алып, берісі әлі күнге дейін үрдісін үзбей, қалпын бұзбай сақтап келе жатыр.


Қазақ халқы - бағзы заманнан бері қарай жеке отбасы әулетін, үлкен қара шаңырағын таза сақтау үшін, қандастық қалпын бұзбау, тегін, генін өзгертпеу, басқа жат ұлттар мен ұлыстарға сіңіп, кіргіп кетпеу үшін "Жеті ата" дәстүрін ұстанған халық. Арысын айтсақ, сонау ғұн, сақ, алан, үйсін, көк түрік замандарынан бастау алып, берісі әлі күнге дейін үрдісін үзбей, қалпын бұзбай сақтап келе жатыр.

Бұл дәстүр қазақтан басқа ұлттар мен ұлыстарда мүлде жоқ дәстүр. "Жеті ата" - дәстүрі қазақ халқына ғана тән гендік, тектік, тұқым жалғау, ұрпақ тәрбиелеп өсіру, жан мен тәнді, қан мен халды таза ұстап қорғауға арналған ең керемет асыл дәстүр.

Қазақ халқы - "Жеті ата" дәстүрі арқылы қара шаңырақты ұйытқы етіп, ата жағынан тек таратудың өте тамаша, нақты заңды жүйесін жасаған. Тегі мен генін, жаны мен қанын таза сақтаған, жер бетіндегі бірден-бір ұлы халық.

Қазақтың бұл дәстүрінің заңды жолы, генетикалық ғылыми негізі бар. Баланы өзінен бастап үлкен аталарға қарай таратқанда, ол былай аталады: Әке, Ата, Баба, Әзата, Көке, Түпата, Тұқиян деп "Жеті аталық" қандастық нақты есімдерімен белгілі болады. Ата- бабалар есімін отбасында ардақтап, балалар кішкентайынан жаттап өседі. Бұлардан тараған ұрпақтар бір атаның балалары саналады. Бір "Әулет ұрпағы" деп аталады. Ал атадан балаға қарай , жоғарыдан төмен қарай тараған ұрпақ атауы: Ата, әке, немере, шөбере, шөпшек, неменеге дейін, немесе Әке, Бала, Немере, Шөбере, Шөпшек, Немене, Туажат болып туысып "Жеті ата" болып есептеледі.

Қазақ ғұрпында жеті атадан аспай немесе жеті атаға толмай ағайынды адамдар бір-бірінен қыз алыспайды. Себебі қандық жақындық, ген мен тек бұзылады. Жақын адамдардың қан араласуынан денсаулыққа ауыр нұқсан жетеді. Кем-кетік шала жан, ауыру бала туылады. Содан барып, туыстық қатынастан алыстайды. Адам бойындағы қаны былғанып, өзгеріп әлсіреп кетеді деп тұжырым жасайды. Сол себептен ағайынды адамдардың бір-біріне қыз беріп, қыз алысуына, қазақтың "Жеті ата" дәстүрі бойынша, қатаң тыйым салады.
Қазақ халқының "Жеті ата" дәстүрін бүгінгі таңда әлем ғалымдары мен әлем медицинасы тегіс мойындап, дұрыс ғылыми қорытынды шығарып отыр. Бұл - біздің дана бабаларымыздың биік ақыл-парасатының құнды жауһары. Жеңісті еңбегінің миуалы жемісі деп қарауға болады.

Ал жеті атаға толып, сегізінші атадан асқаннан кейін де бір рудан қандас туыстары саналатын, екі жас қыз бен жігіт махаббат байлап, неке құратын болса, сол рудың он екі, он төрт ата аралаған ақсақалдары бас қосып ақылдасады. Ата шежірелерін ақтарып, бір пәтуаға келіп, шешім қабылдайды. Сол шешімнен кейін ғана, бір боз бие шалып, аталардан бата алып , үлкендердің разылығымен екі жас неке оқытып, ақ отауда бас қосады. Үлкендерден рухсат алмай, өз беттерімен үйленуіне жол бермейді. Екі жас дәстүрге қатаң бағынады. Ата дәстүрінен аттап өтпейді. Иба сақтап, иманды жүреді. Сонда ғана екі жас бақытты отбасына, берекелі ерлі- зайыптыға айналады.

Қазақтың байырғы ақсақалдары, ататек атауларына да баса мән берген. Балаға ат қойғанда да, жеті атасының тегін ескере отырып өте мәнді, құлаққа жағымды, балаға үйлесімді есемдер таңдап қоятын болған. Ойдан ойып, қырдан қырып, келсе-келмес есімдерді қоя бермеген. Адам атына сай болу керек деген ұлы ұғымды ұстанған. Адамның есімі оның психологиясына үлкен әсерін тигізеді. Себебі адамға қойылған есім екі дүниеге бірдей уәкілдік етеді. Әрі жеті атасына мұрагерлігін жалғайтын есім болу керек деп қарайды. Сондықтан балаға есім қоюдың өзі - өз алдына бір үлкен мәтебе, жөн-жосықты жоралғы.

Қазақтағы жеті атадан ары қарай да аталатын кереметтей туыстық атаулары бар. Әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат, жүрежат, жегжат, жұрағат, жұражат, жаутанымас деп кете береді. Қазақта "Жеті атасын білген ұл жеті рудың қамын жер" , "Жеті атасын білмеген жетімдіктің белгісі" деген дана ұғым бар. Қазақ отбасында туылған балалар үшін жеті атасын біліп өсу - даналық белгісі. Әр бала жеті атасының аттарын жаңылмай білуі парыз саналады. Білмеу - үлкен намыс.

Ата-ана үшін де балаларына жеті атасын ұқыптап ұқтырып отыруды парыз деп санайды. Сол арқылы өз руының, өз халқының дәстүрін жалғастырып отырған. Бұл қазақ халқының керемет этникалық ерекшеліктерін танытады әрі оның қиын-қыстау соғыс кезеңдерде тегінен көз жазып қалмауына және басқа халықтармен ассимилияцяға ұшырамауына мықты қорған саналады. Жеті ата мен ру шежіресін білу көшпелі қоғамда өмір сүрген қазақтар үшін өмірлік қажеттілік болды. Жеті атадан үш жүзге дейінгі туысқандық қандастықты жоймай баптау, ұлттың ұлағатын жоғалтпай сақтау ең маңызды орында тұрды.

Біздің демограф ата-бабаларымыз ғасырдан-ғасырға, атадан балаға жеті аталық дәстүрді ұстанып, қазақ халқы ұлы дала төсінде бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай берекелі өмір сүріп келгенін күллі әлемге бір ғана "Жеті ата" дәстүрімен толық дәлелдеп берді. Соның нәтижесінде ұланғайыр ұлы даланың қожасына айналды. Ұрпақтарын асыл текті етіп өсірді. "Жеті ата" дәстүрі арқылы ұрпақтың келешегіне, мың- мың жылдықтарға өлмес өмірдің өшпес шамын жақты, дана өмірдің сара жолын тапты. Ол ғана емес. Қазақ отбасында өнегелі өмірдің өркенді мектебін ашты. "Жеті ата" шежіресін жазды, оны ғылыми тәжірибеден өткізіп, үлкен академиялық білім негізін қалыптастырды. Бұл қазақ халқының өткенін қорытындылауға, жарқын болашағына сеніммен қарауына, ұрпақтарының алаңсыз өмір сүруіне салынған даңғыл жол еді.

Қазақтың "Жеті ата" дәстүрі әр отбасы әулеті мен бүкіл қазақ халқының ұлтқа деген терең сүйіспеншілігі, мызғымас жауапкершілікке ие ұлы рухын ояттатын асыл дәстүрі деуге болады. Ата-баба дәстүрін келер ұрпақтың келешегіне өткерген кемелді өмір заңы деп түсінуміз лазым. Осы ұстаным аясында қазақ өмірінің моральдік кодексі, салт-дәстүрі мен тыйым-жоралғылары, әдет-ғұрыптары, салт-саналары, туыстық қарым-қатынасының өте мықты негізі қаланды. Салтанатты санаты жарыққа шықты. Мұндай қазақы адамдық құқықтар мен міндеттер жүйесі біртұтас әдеп деңгейіне бағына отырып, іс жүзінде мол тәжірибенің қортындысында көрінді.

Қазақ хандары мен билері халықтың әдеп пен дәстүрлі заңын жасап қана қойған жоқ. Оны көздің қаршығындай қорғай да білді. Ел арасындағы салтты бұзып, дәстүрді бұрмалаған тентектерді тежеп, қатал сынға алып, аямай жазалап отырды. Малдан тоғыз- тоғыздан, тіркеуімен айып қойып, дүре соғып, қатаң тәртіпке салып, тәрбиелеп отырды. Соның нәтижесінде қазақ халқының асыл дәстүрлері қалпын бұзбай ғасырлар бойы сақталып қалды.

Салт бұзылса, ұрпақ бұзылады. Халық бұзылса, одан азғын ұрпақ туады. Азғын ұрпақтан ұлағатты ұлт шықпайды. Мемлекет құрылмайды. Ұлтты ұлт ретінде танытатын нәрсе - ұлттық код. Ол - тіл, діл, ұлттық салт- дәстүр, әдет-ғұрып, ұлтқа тән ою-өрнек, қолөнер, ұлттық дүние таным.

Егер асыл дәстүрімізден айырылсақ, қан мен жаннан, елдік пен ерліктен, береке-бірліктен біржола айрыламыз. Қазақтың бір ғана салтқа байланған "Жеті ата" дәстүрі қазақ халқының, он мың ғасырлық гендік, қандастық, туыстық, тұтастық, ұлттық тегін ғасырлар бойы сақтап келді. Сақтап қана келген жоқ, адамдық, арын, денсаулық қуатын, психологиялық жан танымын, философиялық ой дүниесін, физикалық өсіп жетілуін, биологиялық тұқым жалғауын, иман мен ибасын, адамдық бітім-болмысын, білім-ғылым деңгейін, бүгінгі ғылымы дамыған, дана ғасырға аман-есен арқалап жеткізді. Бұл құнды дәстүр-ғасырлар бойы адам сапасы мен ұлт санасына орасан зор қызмет етті. Қазақ деген халықтың ұлы халық екенін күллі әлем еліне танытты. Тектілік адамның түп атасынан берілген, атадан балға жалғасқан қан тамырдағы киелі қасиет екенін бір ғана дәстүрмен дәлелдеді. Бұл - қазақтай ұлы халықтың жер бетінде кереметтей өмір сүріп келе жатқанын толық дәлелдеген, өте ұзақ ғасырлар бойына еш ескірмеген тамаша дәстүр. Сондықтан салтымызға салғырт қарамайық. Бай дәстүрімізді көздің қарашығындай қорғайық. Сонда ғана жер бетіндегі ұлағатты, ұлы ұлтқа, бақытты халыққа айналамыз.

Болат Бопайұлы
Секен Ақатайұлы

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.77   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети