Жезқазғанда қоқыстан табылған нәрестені туыстары асырап алуға асықпай отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жезқазғанда қоқыстан табылған нәрестені туыстары асырап алуға асықпай отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мерзімі жетпей туған нәрестені асырап алу үшін туыстарының ешқайсысы әлі күнге Жезқазған қалалық қамқоршылық және қорғаншылық бөлімдеріне хабарласпаған. Алайда олар презентханаға жиі келіп тұрады екен. Бірақ нәресте жансақтау бөлімінде жатқандықтан, оған кіруге рұқсат жоқ. "Бізге нәрестенің туыстары келіп, баланы қамқорлыққа алу үшін қандай құжаттардың қажет екенін де сұраған жоқ. Біздің жұмыс - баланы отбасына беру. Егер де нәрестенің атасы мен әжесі немесе басқа да туыстары келіп жатса, біз баланы туыстарына береміз. Мемлекеттік қызмет көрсетудің ережелеріне сәйкес, егер де нәрестенің туыстары қажетті барлық құжатты жинаса, баланы бере аламыз. Кейін бұл мәселе әкімдіктің отырысында комиссия деңгейінде қаралады", - деді қалалық білім бөлімінің бас маманы Гүлнар Сейітжанова.
Оның айтуынша, Жезқазғанда нәрестелерді қамқорлыққа алатын адамдар жетерлік. Егер нәрестенің туыстары сол бойы хабарласпаса, ол басқа отбасыға беріледі екен. Тек бір шарты бар - нәресте сауығып, салмағы 2,5 келіден кем болмауы керек.
Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар қазір баланың жағдайы біртіндеп жақсарып келе жатқанын айтады.
"Нәрестенің жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. 20 мамырдан бері оны қоспамен тамақтандырып жатыр. Дәрігерлер оған күніне 8 рет алты миллилитрден тамақ береді. Оны ауруханадан шығару үшін кем дегенде екі келі салмақ қосуы керек екен. Ал қазір оның салмағы бір келі шамасында ғана. Ол перзентханада тағы бір ай уақыт болады", - деп түсіндірді облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Айжан Иса.
Еске салайық, мерзімі жетпей туған 5-6 айлық нәрестені Жезқазған қаласына жақын жердегі Кеңгір ауылынан өтіп бара жатқан адамдар тапқан болатын. Нәрестенің табылғаны жайлы бірінші ақпаратты қолданушы Людмила Экзархова Facebook әлеуметтік желісінде жария етті. "Өтіп бара жатып, естіп қалдық, мысықтың даусына ұқсады, айналаны іздей бастадық, бір әйел қоқыс жәшігіне түссе қап қозғалып жатыр екен, оны ашқанда нәрестенің беті көрінді, аузы әжетхана қағазымен жабылыпты, оны алып тастап еді, қатты жылай бастады, киімін шешіп, орағаннан кейін алып кетті", - деп жазды Людмила Экзархова.
Қолданылған шаралардан кейін 18 жастағы нәрестенің анасы ұсталған болатын. Тергеушілер "Анасының өз нәрестесін өлтіруге оқталуы" бабы бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Оның бұл іске неліктен барғандығы әзірше белгісіз. Ал дәрігерлер қоқыстан табылған нәрестеге Елжас деген есім берді.