26 мамыр 2022 16:52

ЖОО ашу, тексерісті азайту. Тоқаев қырғыз елінде қандай мәлімдемелер жасады?

Камила Долаева Журналист

ПОДЕЛИТЬСЯ

Сурет: Ақорда баспасөз қызметі Сурет: Ақорда баспасөз қызметі

26 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев президент Садыр Жапаровтың шақыруымен Қырғызстанға барды. Tengrinews.kz тілшісі ресми сапарда Президент қандай мәлімдемелер жасағанын баяндайды. 


26 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев президент Садыр Жапаровтың шақыруымен Қырғызстанға барды. Tengrinews.kz тілшісі ресми сапарда Президент қандай мәлімдемелер жасағанын баяндайды. 

"Қырғызстан мен Қазақстан ынтымақтастығы"

Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен бауырлас Қырғыз Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Садыр Жапаровқа ризашылығын білдіріп, "осы маңызды сапар елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамуына зор серпін беретіні сөзсіз" екенін айтты.

"Қырғызстан - біз үшін Құдай қосқан көрші, ең жақын одақтас. Шын мәнінде, біз ауылдарымыз аралас, қойларымыз қоралас жатқан бауырлас халықтармыз. Биыл екі елдің дипломатиялық қатынас орнатқанымызға 30 жыл толып отыр. Осы уақытта ынтымақтастығымыз барынша кеңіді, достығымыз нығая түсті", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кейін Президент шағын форматта өткен келіссөздердің нәтижесіне көңілі толатынын атап өтіп, Қырғызстан президентінің елімізбен арадағы көпжақты серіктестікті тереңдетуге деген ниетін жоғары бағалады.

"Мен өз тарапымнан Қазақстанның қазақ-қырғыз қатынастарын достық, тату көршілік және шынайы одақтастық рухында жан-жақты нығайтудың стратегиялық бағытына берік екенін атап өткім келеді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетаралық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын айтып, жоғары деңгейдегі өзара сенімді және белсенді саяси диалогқа, екі ел үкіметтерінің үйлесімді жұмысына тоқталды.

Президент қырғыз көшбасшысының Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың табысты жүзеге асырылып жатқанын айтты. Соның ішінде екі ел үкіметтері арасындағы байланыстардың жандануы, жаңғырған "Қордай - Ақ жол" өткізу бекетінің ашылуы, тұрақты гуманитарлық көмек көрсету және электр энергиясымен алмасу жөнінде сөз болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен өңірлер арасындағы кең ауқымды ықпалдастықты жолға қоюдың маңызды екенін атап өтті. Осы ретте, Президент Қазақстан мен Қырғызстан арасында бірінші Өңіраралық ынтымақтастық форумын тез арада ұйымдастыру маңызды екенін айтты.

"Ақпараттық технология және білім"

Келіссөздер барысында су дипломатиясы, ақпараттық технология саласындағы кооперацияны нығайту мәселелері қарастырылды.

Мәдени-гуманитарлық байланыстар бауырлас екі халықтың жақындай түсуіне маңызды үлес қосады. Мемлекет басшысы Бішкек қаласының орталығында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткішін ашу жөніндегі шешімі үшін Садыр Жапаровқа алғыс білдірді. Екі ел президенттері бүгінгі келіссөздерден кейін осы монументтің салтанатты ашылу рәсіміне барады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласында Манасқа ескерткіш қойылатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сегіз жоғары оқу орны Қырғызстанда өкілдіктерін ашуға ниет білдіріп отырғанын атап өтіп, қырғыз студенттері үшін бөлінетін квоталардың саны 50-ге дейін артқанын жеткізді.

"Экспорт және шекара мәселесі"

Мемлекет басшысы екі ел де көпжақты ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенін айтып, бүгінгі сапардың қарым-қатынасымызды нығайта түсуге тың серпін беретіні сөзсіз екеніне тоқталды.

"Бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік. Біз сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән бердік. Қазір әлемдегі ахуал күрделі екенін білесіздер. Осындай қиын кезеңде күш жұмылдыру өте маңызды. Қазақстан - Қырғыз елінің негізгі сауда және инвестиция саласындағы серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1 миллиард долларға жетті. Қазақстан соңғы 15 жылда қырғыз еліне 1 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Оның ішінде әлеуметтік маңызы зор жобалар да бар. Жалпы, экономикалық ықпалдастықты одан әрі өркендетуге әлеуетіміз жетеді. Біз сауда көлемін жақын арада 2 миллиард долларға жеткізуге келістік", -  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бүгін сауда-логистикалық индустриялық кешеннің негізі қаланғанына тоқталып, бұл қадам өндірістік байланыстар мен сауда-саттықты жандандыруға жол ашатынын айтты.

"Біз өнеркәсіп өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайынбыз. Бұған Kazexport компаниясы қолдау көрсетеді. Қырғыз елінің де Қазақстанға шығаратын өнімдері аз емес. Осы орайда, қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдаланамыз деп уағдаластық. Сондай-ақ, азаматтардың шекарадан өтуін жеңілдетуге баса назар аудардық. Жүк тасымалы рәсімдерін жетілдіру жайын пысықтадық. Кейінгі жылдары бұл бағытта бірқатар ауқымды іс-шара атқарылды. Былтыр "Қордай" бекеті жаңартылып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіле бастады. Басқа да бекеттерді жаңғырту туралы келісімдер бар. Басты мақсат - шекарадағы тексерістерді азайтып, көлік кептелісін жою", - деді Қазақстан Президенті.

"КЭС, ГЭС салу және су тапшылығы мәселесі" 

Президент Қазақстан капиталының қатысуымен Ыстықкөл облысында күн энергиясы станциясын салу жоспарланып отырғанын жеткізді. Жоба құны - 300 миллион доллар.

Қасым-Жомарт Тоқаев су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестіруді келесі маңызды бағыт ретінде атады.

"Біз трансшекаралық су ресурстары ортақ байлық екенін тағы бір мәрте атап көрсеттік. Су тапшылығы мәселесі жылдан-жылға күрделеніп келеді. Беделді халықаралық экологиялық ұйымдар осындай болжам жасап отыр. Су келешекте көп болмайды, тапшы болады. Бұл - анық нәрсе. Сондықтан Орталық Азия мемлекеттері бірлескен жұмыстарды қолға алуы қажет. Екі елге ортақ өзендер әрдайым жұртты жақындастыра түсуге дәнекер болуы керек. Қазақстан барлық міндеттемелерін толық орындауға және маңызды жобаларды бірлесе іске асыруға дайын", - деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы өзара тиімді ұсыныстарды зерделеп және перспективті жобалардың тізімін жасап, инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға шақырды. Қырғызстанда гидроэнергетикалық нысанын, Қамбар ата ГЭС-ін бірлесіп салу соның бірі болуы мүмкін.

Екі ел президенттерінің кездесулерінде мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға да ерекше мән берілді.

"Жаңа Қазақстан"

Президент 5 маусымда елімізде өтетін Конституциямызға өзгерістер енгізуге арналған жалпыхалықтық референдумды өте маңызды әрі тарихи іс-шара ретінде бағалап, қазақ халқы өз тарихындағы шешуші кезеңге келгенін ерекше атап өтті.

"Жаңа Қазақстан, яғни екінші республика, бұл - шын мәніндегі, демократиялық қоғам деген сөз. Президенттік жүйе сақталғанымен, Парламенттің рөлі және ықпалы едәуір күшейтіледі. Халқымыздың үні және пікірі анық естілетін болады. Мен Президент ретінде осы құқықтық реформадан ешқандай артықшылыққа я жеңілдікке ие болмаймын. Мақсатым - бүкіл қоғамда оң өзгерістер жасау, халқымызға жарқын болашақтың жолын ашып беру", - деді Мемлекет басшысы.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 448.12   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети