Қазақстанның бірқатар өңіріндегі қант бағасының өсуі өнім тапшылығынан емес, маусымдық сұранысқа байланысты. Бұл туралы үкіметте өткен брифингте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Сұлтановтың айтуынша, жаз мезгілінде үй жағдайында өнім дайындау маусымына орай қантқа деген сұраныс дәстүрлі түрде артады.
"Жекелеген өңірлердегі құмшекер бағасының өсуі түрлі компоттар, тосаптар және тағы басқа өнімдерді дайындау кезеңі басталған маусымдық уақытпен байланысты", - деді вице-министр.
Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы уақытта бағаның айтарлықтай қымбаттауын болжап отырған жоқ.
Сұлтановтың сөзінше, биыл қант қызылшасынан мол өнім күтіледі. Қазір елде отандық шикізатты өңдейтін үш қант зауыты жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, Тараз қант зауытында қант қызылшасын өңдеуді іске қосу жоспарланған.
Вице-министр қанттың бір бөлігі Латын Америкасы елдерінен жеткізілетін импорттық шикізаттан өндірілетінін де еске салды. Сонымен қатар дайын қанттың едәуір бөлігі әлі де Ресейден импортталады.
"Әкімдіктердің қоймаларында қант қоры бар. Баға құбылған жағдайда бұл қорлар нарыққа шығарылады, бұл бағаның өсуін тежеуге мүмкіндік береді. Тапшылықтан қорқудың қажеті жоқ. Бүгінгі таңда қоймаларда қанттың үш айлық қоры бар", - деді Сұлтанов.
Қанттың бір апта ішінде күрт қымбаттауына қатысты сұраққа жауап бере отырып, вице-министр оның себептері өңірге байланысты әртүрлі болуы мүмкен екенін түсіндірді.
"Әр өңірде көтерме жеткізушілер бар. Кей жерлерде жеткізуге қатысты, кей жерлерде қант импортына қатысты мәселелер туындауы мүмкін. Сондай-ақ өнеркәсіптік өндірушілер, атап айтқанда сусын, кондитерлік өнімдер және тағы басқа өнімдерді шығарушылар тарапынан жаппай тұтыну басталуы мүмкін", - деп түсіндірді ол.
Еске салайық, 2022 жылдың жазында Қазақстанда қант тапшылығы туындап, баға күрт өсті. Сол кезде елде қантты бір қолға сатуға шектеулер қойылып, үкімет нарықты тұрақтандыру және жеке өндірісті ұлғайту бойынша шаралар қабылдаған болатын.
Кейіннен Қазақстанда импорттық қантқа тәуелділікті азайту және отандық қант қызылшасын өңдеуді ұлғайту қажеттілігі туралы бірнеше рет айтылды. Жұмыс істеп тұрған қант зауыттарын жаңғырту және жеке шикізат өндірісін арттыру негізгі міндеттердің бірі ретінде аталды.