Алматы облысының Ұзынағаш ауылында белгісіз ер адам итті базарда сату үшін ұрлап әкеткен. Оқиға видеоға түсіп қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Оқиға орнынан түсірілген кадрларды редакцияның WhatsApp нөміріне оқырман жолдады. Әйелдің айтуынша, оқиға 17 мамырда таңертең Ұзынағаш ауылындағы жергілікті жанармай бекеті маңында болған.
"Бұл адам жанармай құю бекеттерінің біріне келді. Кейінірек ол жақын маңда байлаулы тұрған, біреудікі екені анық көрініп тұрған итті сүйреп әкеліп, оны пакетке (қап – еск.) сала бастады. Ит қатты қыңсылады, ал ол итті тыныштандыру үшін ұрып-соқты. Одан бұл өзінің иті ме деп сұрағанымда, ол жоқ деп жауап берді және оны сату үшін базарға апара жатқанын айтты. Мен бәрін тіркеп алу үшін оны видеоға түсіріп алдым. Камераны өшіргеннен кейін итті босатуын талап етіп, оған айғайладым", - деді оқиға куәгері.
Оның айтуынша, ер адам басында жануарды босатудан бас тартқанымен, кейінірек итті қаптан шығаруға келіскен.
"Сол маңнан жүк көлігімен өтіп бара жатқан ер адам итті базарға дейін жеткізіп салуға көмектесетінін айтты", - деп қосты оқырман.
Сонымен қатар әйел өзінің жолға шығуы тиіс болғанын және кейін итке не болғаны туралы ештеңе білмейтінін мәлімдеді.
Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерек бойынша құқық қорғау органдарына ешқандай өтініш түспегенін хабарлады.