Қарағандыда бес жылға жуық халықаралық іздеуде жүрген ер адам ұсталды. Ол ірі көлемде ақша бопсалады деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Мән-жайы
Өңірлік Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 43 жастағы күдікті анықталып, ұсталды. Арнайы операция Қарағандыдағы жекеменшік үйлердің бірінде жүргізілген.
Жасырын орын
Полиция мәліметінше, үйді тінту кезінде ваннаның астыңғы бөлігіндегі кішкентай есік көзге түскен. Бастапқыда құқық қорғау қызметкерлері мұны жай ғана жасырын сөре деп ойлаған, алайда ваннаның артындағы қуыс жерқоймаға апаратын есік болған. Онда іздеудегі адам тығылып жатқан. Жасырын орынның "кіреберісінің" ені мен биіктігі шамамен жарты метр ғана болады.
"Ол осы жасырын орынға еңбектеп кіріп жүрген, ал жерқойманың ішінде оның кереуеті мен барлық қажетті заттары болған. Бұл ер адам тығылуға болатын нағыз толыққанды бөлме. Бір қарағанда жай ғана ванна сияқты көрінгенімен, оның артында нағыз жасырын орын бар", - деп хабарлады Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуаныш Орынбетов.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Күдікті қазір қайда?
Алдын ала мәліметтер бойынша, ер адам қала тұрғынын қорқыту арқылы 117 миллион теңге бопсалады деген күдікке ілінген.
"Күдікті астыртын шараларын қолдана отырып, ұзақ уақыт бойы құқық қорғау органдарынан жасырынып келген", - деді Қуаныш Орынбетов.
Қазіргі уақытта ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалған. Іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.