Қазақстандағы ірі қалалардың жартысына жуығында халық санының азаюы тіркелді. Ұлттық статистика бюросының қазіргі бағалауына сәйкес, жыл ішінде республикалық және облыстық маңызы бар 41 қаланың 20-сында халық саны азайған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Халық саны азайған қалалар
Data Hub мәліметтері бойынша, тұрғындар санының ең көп азаюы Қонаев қаласында тіркелген – бір жылда 8,2 пайызға төмендеген. 1 сәуірдегі жағдай бойынша, қалада 65,9 мың адам тұрады. Айтарлықтай төмендеу Семейде де байқалады – минус 5,1 пайыз, тұрғындар саны 314,1 мың адамға дейін қысқарған. Үшінші орында Байқоңыр – халық саны 3,6 пайызға азайып, 32,4 мың адам болған.
Егер Семей мен Байқоңырда халық санының төмендеуі соңғы бес жылда тұрақты түрде байқалса, Қонаевтағы азаю 2022 жылы қаланың Алматы облысының әкімшілік орталығына айналуынан кейінгі күрт өсімге қатысты түзету ретінде қарастырылады.
Қалған қалаларда халық санының азаюы 2 пайыздан аспайды. Ерекше жағдай – Приозерск, Курчатов және Арқалық қалалары, мұнда төмендеу 2,3-тен 2,7 пайызға дейін жеткен. Бұл үш қалада барлығы 57,7 мың адам тұрады.
Фото: t.me/DataHub
Халық саны көбейген қалалар
Халық санының салыстырмалы түрде ең жоғары өсімі Астанадан 20 шақырым жердегі Қосшы қаласында тіркелген. Бір жыл ішінде мұндағы халық саны 8,3 пайызға өсіп, 61,5 мың адамға жетті. Еске сала кетейік, Қосшы қаласы мәртебесін 2021 жылғы шілдеде алған болатын.
Екінші орында – Астана. Мұнда өсім 6,9 пайыз болды. 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша елордада 1,55 миллион адам тұрады. Үшінші орында – Түркістан, мұндағы халық саны 4,4 пайызға өсіп, 240,3 мың адамға жетті.
Алматы халқының өсуі – 2,7 пайыз деңгейінде. Қазір мегаполисте 2,3 миллион адам тұрады. Осындай өсу қарқыны Шымкентте де байқалады – мұндағы халық саны 1,26 миллион адамға жетті.
Фото: t.me/DataHub
Анализде республикалық және облыстық маңызы бар 42 қаланың 41-і қаралған. 2024 жылдың қаңтарында құрылған Алатау қаласы салыстырмалы деректердің жоқтығына байланысты есепке алынған жоқ. Сонымен қатар, елдегі 48 аудандық маңызы бар қала да есепке енбеді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!