Қазақстандық және украиналық құқық қорғау органдары Қазақстан аумағында "жұмыс істеу" үшін есірткі жасырушыларды жалдаған call-орталықтар желісінің қызметін бірлесіп тоқтатты. Бұл туралы Қазақстан ІІМ баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.
Қазақстан Ішкі істер министрлігі мен Украина Ұлттық полициясының бірлескен жедел-тергеу шаралары барысында екі елдің бас прокуратураларының өзара іс-қимылымен трансұлттық қылмыстық топтар пайдаланған call-орталықтардың ұйымдастырушылары мен қатысушылары анықталған.
"28 мамырда Киев қаласында бірлескен операция аясында Еуропа және ТМД елдерінің аумағында синтетикалық есірткі өндірумен және өткізумен айналысатын трансұлттық қылмыстық ұйымдардың біріне бағынышты call-орталықтардың қызметі тоқтатылды", - деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.
Полицейлер бұл call-орталықтар азаматтарды есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты қызметке тарту үшін пайдаланылғанын анықтады.
Ұйымдастырушылардың нұсқауымен операторлар мен менеджерлер Қазақстан аумағында есірткі жасырушы және буып-түюші ретінде әрі қарай жұмыс істеу үшін адамдарды іздестіріп, іріктеп, тартқан.
"Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде 11 адам ұсталды. Қылмыстық схеманың әрбір қатысушысының, соның ішінде ұйымдастырушылардың, аға операторлардың және әлеуетті орындаушыларды жалдаумен тікелей айналысқан кеңсе қызметкерлерінің рөлдері анықталды", - деді Әбдікенов.
Полицейлер тоғыз мекенжай бойынша тінту жүргізіп, оның барысында 40 мыңға жуық АҚШ доллары мен 10 мың еуро, Range Rover автокөлігін, 18 мобильді телефон, 12 ноутбук пен планшетті тәркіледі.
"Қазіргі уақытта тәркіленген компьютерлік техникадан ақпаратты алу және талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр, қылмыстық әрекетті ұйымдастырушылардың аккаунттары анықталып, сондай-ақ параллельді қаржылық тергеу жүріп жатыр", - деді Елдар Әбдікенов.
Аталған call-орталықтарды жою Қазақстан азаматтарының есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстық әрекетке тартылуын айтарлықтай азайтуға, сондай-ақ халықаралық есірткі бизнесін ұйымдастырушыларды анықтауға және жауапқа тартуға мүмкіндік береді, деп атап өтті ІІМ.