Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар Қытайдан Қазақстанға кеселді карантиндік өнімдердің ірі партияларын әкелу әрекетінің жолын кесті. Жүк иелеріне қатысты әкімшілік істер қозғалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі сайтына сілтеме жасап.
Мұқият тексеру және зертханалық сараптама барысында жалпы салмағы 39,52 тонна болатын екі жүк жөнелтілімінен қауіпті зиянкестер табылды. Атап айтқанда, 19 тонналық шабдалы партиясынан шығыс жеміс жегісі, ал 20 тонналық сәбіз партиясынан алтын түстес картоп нематодасы анықталды.
Министрлік аталған карантиндік нысандардың ел аумағына енуі азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретінін және отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімін айтарлықтай шығынға ұшыратуы мүмкін екенін айтты.
"Өсімдіктер карантині саласындағы халықаралық және ұлттық заңнама талаптарына сәйкес, залалданған өнімдердің барлығы жедел кері қайтарылды(ҚХР). Жүктің иелеріне қатысты әкімшілік іс қозғалды", - делінген таратылған хабарламада.