Қазақстанда еңбек шартын жасасу кезінде кәсіби біліктілікті тану туралы қосымша құжат пайда болуы мүмкін. Еңбек министрлігі бұл құжат дипломды алмастырмайтынын, тек маманның дағдыларын қосымша растау болатынын түсіндірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бүгін Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, халықтың көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қарады.
"Ұсынылып отырған норма жұмысқа орналасу кезінде бұдан былай техникалық және кәсіптік, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы дипломды ұсынудың қажеті болмайтынын білдіре ме?", - деп сұрады депутат Максим Рожин.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев дипломның күші жойылмайтынын айтып жауап берді.
"Біз дипломның маңызын жоққа шығармаймыз. Диплом мамандандырылған білім алғанын растайтын құжат болып қала береді", - деді ол.
Шенеуніктің айтуынша, кәсіби біліктілікті тану туралы құжат қосымша болады.
"Яғни адам екі құжатты: дипломды және кәсіби біліктілікті тану туралы құжатты көрсете алады", - деп түсіндірді Тұяқбаев.
Бұл ретте мұндай құжат дипломы жоқ, бірақ нақты кәсіби дағдылары бар адамдар үшін өте маңызды.
"Егер маманның дипломы болмаса, бірақ ол өзінің кәсіби дағдыларын дәлелдей алса, мұндай жағдайларда осы құжат қабылданатын болады", - деп атап өтті вице-министр.
Мысалы, қызмет көрсету саласы, қонақүй бизнесі, шаштараз және басқа да қызметтер болуы мүмкін.
"Тағы да баса айтамын: кәсіби біліктілікті тану туралы құжат дипломнан бас тартамыз дегенді білдірмейді. Диплом негізгі, ал бұл - қосымша құрал болады", - деп түйіндеді Тұяқбаев.
Мән-жайы
Бұған дейін Қазақстанда "Кәсіби біліктілік туралы" заң қабылданған болатын. Ол жұмыссыздар үшін ваучерлерді, сондай-ақ микробіліктіліктерді мысалы, мобилографтар, стилистер, лэшмейкерлер және басқа да мамандық өкілдері үшін сертификаттауды енгізеді.
Диплом білімнің бар екенін, ал сертификат - біліктілік деңгейін, соның ішінде микробіліктіліктер бойынша растайды. Ол кезде Еңбек министрлігі бірқатар мамандықтар бойынша біліктілікті растау ерікті болуы мүмкін екенін айтқан болатын.
Сондай-ақ Қазақстанда кейбір мамандықтардың міндетті сертификаттауды талап ететіні хабарланған еді. Ол кезде Еңбек министрлігі мысал ретінде педагогтарды, медицина қызметкерлерін, нотариустарды, адвокаттар мен сот-медициналық сарапшыларды келтірді - мұндай мамандықтар бойынша тиісті сертификатсыз жұмыс істеуге болмайды.