Қазақстанда 2015 жылы 7 айдың ішінде 1376 адам жүре пайда болған иммундық дефицитiнiң синдромымен (ЖИТС - ВИЧ) тіркелді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталыққа сілтеме жасап. Олардың арасында 813 ер адам мен 563 әйел бар.
Қазақстанда 2015 жылы 7 айдың ішінде 1376 адам жүре пайда болған иммундық дефицитiнiң синдромымен (ЖИТС - ВИЧ) тіркелді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталыққа сілтеме жасап. Олардың арасында 813 ер адам мен 563 әйел бар.
Дәрігерлердің айтуына қарағанда, бұрын бұл дертті нашақорлар, жезөкшелер таратса, қазір ЖИТС ерлерден, әйелдерден, қариялардан, тіпті балалардан да табылып жатыр. Таяуда осы мәселеге қатысты Ресей Федерациясы заңнамаға өзгеріс енгізді. Енді бұл елде АХАЖ-да тіркеліп, үйлену үшін алдымен ЖИТС-ті анықтайтын тест тапсыру заңмен міндеттелді. Осы ретте біздің елге де мұндай норматив қажет пе деген сұрақты мамандарға қойып көрдік.
ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталығының клиникалық бақылау бөлімінің меңгерушісі Рафаиль Қыпшақбаевтың айтуынша, мұндай норма дерттің алдын алу үшін белгілі бір мөлшерде ықпал етуі мүмкін, алайда біздің елде тыйымды заңмен бекіту сыбайлас жемқорлықты өршітеді деген қауіп бар.
"Кез келген тыйымның артында сыбайлас жемқорлық тұрады. Яғни, тыйым салынған кезде рұқсат алу үшін оның пара беру іспетті механизмі жасалады. Мұндай тыйым Өзбекстанда да бар. Бірақ статистикалық мәліметтерге сенсек, ол норматив мәселені шешпеген", - дейді ол.
Қыпшақбаевтың сөзіне қарағанда, болашақ ерлі-зайыптының екеуі де ЖИТС-ті жұқтырған болса, дені сау баланы дүниеге алып келу мәселесінде күдік пайда болады. Егер ер адам оған шалдықпай, тек әйелде ЖИТС болса дені сау баланың туылуы әбден мүмкін.
Ал депутаттар мұндай нормативтің құқықтық жағына зер салды. Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбековтің айтуынша, мұндай норманы қабылдау үшін азаматтардың заңды құқықтарын ескеру қажет.
"Қазақстандықтардың өмір сүру салты ресейліктерден бөлек. Ресейде ауруды жұқтыру қаупі жоғары. Әзірше біздің заңнамаға ондай норманы енгізудің қажеті жоқ деп есептеймін. Шетелдік ғалымдар ЖИТС-ке қарсы дәрілерді жасап шығарды, егер ол бірнеше жылда мүлдем жойылып, ал ол норматив заңда тұрса, онда азаматтардың құқығына нұқсан келеді. Жастарымыз үйленген күннің өзінде бір-біріне күдікпен қарайтын болады", - дейді депутат.
Айта кетейік, таяуда Оңтүстік Қазақстанда 16 жастағы қыз бен зейнеткердің осы дертке шалдыққаны анықталды. Олар жыныстық қатынас салдарынан ЖИТС жұқтырған.