Қазақстан мен БАӘ бір-бірінің жүргізуші куәліктерін өзара таныды. Тиісті келісімге Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен Біріккен Араб Әмірліктері Премьер-министрінің орынбасары – ішкі істер министрі шейх Сайф бен Заид Әл Нахаян қол қойды. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.
Қазақстан мен БАӘ бір-бірінің жүргізуші куәліктерін өзара таныды. Тиісті келісімге Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен Біріккен Араб Әмірліктері Премьер-министрінің орынбасары – ішкі істер министрі шейх Сайф бен Заид Әл Нахаян қол қойды. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, тараптар Жүргізуші куәліктерін өзара тану және алмастыру туралы меморандумға ІІМ басшысы Ержан Сәденовтің 2026 жылғы 25 маусымда Абу-Дабиге жасаған сапары кезінде қол қойған.
Меморандум құжатта көзделген жағдайларда екі елдің жүргізуші куәліктерін алмастырудың жеңілдетілген тәртібін қарастырады.
Ол тараптар қажетті мемлекетішілік рәсімдерді аяқтағаннан кейін күшіне енеді.
Қол қойылған құжат әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге және екі мемлекет азаматтары үшін қосымша қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді, деп атап өтті ІІМ.
"Жыл сайын Біріккен Араб Әмірліктеріне 400 мыңға жуық Қазақстан азаматы барады. Бұдан бөлек, 14 мыңға жуық қазақстандық БАӘ аумағында тұрақты тұрады. Қол қойылған меморандум олар үшін жүргізуші куәліктерін пайдалану және алмастыру кезінде анағұрлым жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді", - деп хабарлады құқық қорғау ведомствосынан.

Қазақстан мен БАӘ ІІМ басшыларының кездесуінде екі ел үшін маңызды басқа да мәселелер көтерілді.
"Тараптар қылмысқа, соның ішінде ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа, киберқылмысқа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын, сондай-ақ қылмыскерлерді іздестіру, жедел ақпарат алмасу, заманауи технологияларды енгізу және кадрлар даярлау мәселелерін талқылады", - деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.
Ведомство ақпаратынша, қазақстандық делегация Абу-Дабиде БАӘ-нің Дағдарыстық жағдайлар жөніндегі ұлттық агенттігінің қызметімен танысты. Сондай-ақ Ержан Сәденов EDGE Group технологиялық конгломератының басшылығымен кездесу өткізді. Қазақстандық ІІМ басшысына жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, арнайы техника мен қару-жарақ саласындағы озық әзірлемелер, сондай-ақ құқық қорғау қызметіне арналған заманауи технологиялық шешімдер таныстырылды.
ІІМ қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан-Әмірлік ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға және өзара қызығушылық тудыратын мәселелердің кең ауқымы бойынша практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.
Бұған дейін қазақстандықтар үшін Шенген визасын алу жеңілдейтінін хабарлаған болатынбыз.