Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Ұлттық банк пен инвестициялық портфельді басқарушылардың қазақстандықтардың зейнетақы активтерін басқаруы туралы есебін жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қор сайтына сілтеме жасап.
2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, ҚРҰБ мен ИПБ-лардың басқаруындағы зейнетақы активтерінің жалпы көлемі – 22 723,37 миллиард теңге.
Қазақстандықтардың зейнетақы активтерінің басым бөлігі (шамамен 42 пайызы) мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестицияланған. Шамамен 9 пайызы квазимемлекеттік компаниялардың облигацияларына, ал шамамен 4 пайызы Ұлттық банктің депозиттеріне салынған. Екінші деңгейлі банктердің облигацияларына активтердің 3,16 пайызы, қазақстандық эмитенттердің акциялары мен депозитарлық қолхаттарына – 1,51 пайызы, микрокаржылық ұйымдарға – 1,38 пайызы инвестицияланған.
Бұл ретте инвестициялық портфельдің жартысынан астамы (59,94 пайыз) ұлттық валютада ұсынылған.
"Табыстылықтың қысқа мерзімді ауытқуларына қарамастан, 2024 жылғы сәуірден 2025 жылғы наурызға дейінгі соңғы 12 айда есептелген инвестициялық кіріс мөлшері шамамен 2,37 триллион теңге болды, осы кезеңдегі кірістілік - 11,99 пайыз, инфляция мөлшері - 10,00 пайыз", - делінген хабарламада.
Инвестициялық портфельді басқарушы компаниялардың бақылауындағы жалпы зейнетақы активтері көлемі 62,78 миллиард теңгеден асқан. "Jusan Invest" АҚ сенімді басқаруында 11,40 миллиард теңге, "Halyk Global Markets" АҚ – шамамен 5,30 миллиард теңге, "BCC Invest" АҚ – 5,94 миллиард теңгеден астам, "Сентрас Секьюритиз" АҚ – 2,19 миллиард теңге, ал Қазақстан Халық банкі еншілес ұйымы "Halyk Finance" АҚ басқаруында шамамен 37,95 миллиард теңге бар.
"2023 жылғы 1 шілдеден бастап салымшылар инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік басқаруына міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының 50 пайыздан аспайтын бөлігін ең төменгі жеткіліктілік шегін есепке алмастан бере алады. Ал ерікті зейнетақы жинақтары бар салымшыларға оны ИПБ-ға 100 пайыз көлемінде беруге құқылы".
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!