Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апаты бойынша жаңа деректер белгілі болды. Қаза тапқан 20 жастағы Т. К.-ның әкесі айыпталушыны кешірмейтінін және оның қатаң жазалануын талап ететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұған дейін сотта қаза тапқан үш адамның туыстары айыпталушыға кешірім бергенін айтқан болатын. 8 маусымда Т. К.-ның анасы да шағымынан бас тартып, моральдық және материалдық шығын өтелгенін растады және соттан айыпталушыға шартты жаза тағайындауды сұрады.
Алайда қыздың әкесі бұл ұстаныммен келіспейді.
Не болды?
Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында әкесі тоғыз жыл бұрын ажырасқанын, бірақ қызын өзі тәрбиелегенін айтты.
"Бұл әйел менімен ажырасқанына тоғыз жыл болды. Қызымды туғаннан өзім бағып-қағып, киіндіріп, тәрбиелеп, оқыттым. Ол менің тұңғышым. Мен жерлеу рәсімі мен асын өткізумен айналысып жатқанда, ол полицияға барып, өзін жәбірленуші ретінде танытып, сотқа дейін жетіп үлгеріпті", – деді ол.
Қаза тапқан қыздың әкесі сотталушы бұрынғы әйеліне қомақты сома төлегенін аайтады. Ер адамның сөзінше, ақша оған да ұсынылған. Тілшімен сөйлесу кезінде ол эмоциясын жасыра алмады:
"Сотталушының анасы маған 10 миллион теңге ұсынды. Маған оның миллиондары керек емес, маған балам керек. Мен кешірмедім, кешірім бермеймін де. Мен Таразда оның ата-анасының үйінде болдым (сөз сотталушының ата-анасы туралы болып отыр – ред. еск.). Әкесі алдымда жылап кешірім сұрады", – деп қосты ер адам.
Қаза тапқан қыздың әкесі адвокаттар жалдап, кінәлі адамды барынша қатаң жазаға тарту үшін мемлекеттік органдарға жүгінуді жоспарлап отыр.
Жүргізушіге қандай айып тағылып отыр және оған қандай жаза тағайындалуы мүмкін?
Күдікті А. П. Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі "Алкогольдік масаң күйде жол жүрісі қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу" бойынша айыпталып отыр.
Айыптау актісі
Алдын ала тыңдау барысында мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқыды. Тергеу нұсқасы бойынша, сотталушы А. П. – Zeekr 001 автокөлігінің иесі әрі жүргізушісі – рөлге мас күйінде отырған.
Сондай-ақ айыптау мәліметтеріне сәйкес, көлікте тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтін 100 QR 02 нөмірі болған.
"Меңдіқұлов көшесімен қиылыста сотталушы қарсы бетке шығып кетіп, әл-Фараби даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан Mercedes-Benz автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан", – деді прокурор.
Соқтығысу салдарынан оқиға орнында үш адам қаза тапты: 1996 жылы туған Mercedes жүргізушісі, сондай-ақ оның 2003 және 2005 жылы туған екі жолаушысы.
Айыптау актісін оқу кезінде қаза тапқандардың туыстары көз жасына ерік берді.
Сотталушы қандай жылдамдықпен жүрген?
Ресми сараптама қорытындысы бойынша, соқтығысу алдында оның көлігінің жылдамдығы сағатына 219 шақырым болған.
ҚР ІІМ видеосынан кадр
"Өз іс-әрекетімді ақтамаймын" – Zeekr жүргізушісі
28 мамырда сотта сотталушы А. П. қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, кешірім сұрады.
"Ешқандай сөз де, ешқандай іс-әрекет те жақындарыңызды қайтара алмайтынын түсінемін. Әр отбасына қаншалықты қайғы әкелгенімді білемін. Өз іс-әрекетімді ақтамаймын. Ештеңеге үміт артпаймын, ештеңеден дәметпеймін. Заңға сәйкес жазамды толық өтеуге дайынмын. Тек бостандыққа шығып, қолдан келгенше отбасыларыңызға көмектескім келеді. Өзімді кешірмеймін және сіздерді ұмытып кетпеймін. Кешіріңіздер", – деді ол.
Қаза болғандардың отбасы Zeekr жүргізушісіне шартты жаза сұрап отыр
1 маусымда Алматыда негізгі сот талқылауы басталды. Онда қаза тапқан екі адамның – 1996 жылы туған Mercedes жүргізушісі мен 2003 жылы туған жолаушы қыздың туыстары сотталушымен татуласқандарын айтып, оған шартты жаза тағайындауды сұрады.
8 маусымда үшінші марқұмның анасы да осындай ұстанымда болды.
Қаза тапқан 22 жастағы К.-ның анасы 100 миллион теңгеге талап арыз түсірмек болған өкілдерінің қызметінен де бас тартты. 11 маусымда 29 жастағы Е.-нің отбасы да өкілдер қызметінен бас тартқаны белгілі болды.
Айыпталушының өзі сотта болған оқиға бойынша кінәсін мойындайтынын мәлімдеді.
3 маусымда Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Санжар Әділов Мәжілісте өткен брифингте тараптардың татуласуы адам өліміне әкеп соққан жол апаты ісінің нәтижесіне қалай әсер етуі мүмкін екендігіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, жәбірленушілердің ұстанымы айыпталушының қылмыстық жауапкершіліктен босатылуына жол бермейді.
Жол апатына қатысты екі қылмыстық іс тоқтатылды
Бұған дейін әл-Фарабидегі жол апаты фактісі бойынша тағы 3 қылмыстық іс қозғалған еді. Алайда кейін оның екеуі тоқтатылды.
- Билікті асыра пайдалану және "ерекше" мемлекеттік нөмірлер беру. 26 наурыздан бастап ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік департаменті тыйым салынған мемлекеттік нөмірлердің заңсыз берілу мүмкіндігін тергеді. Іс 362-баптың 1-бөлігі – "Билікті асыра пайдалану" бойынша тергелген. Бұл жерде мәселе Zeekr жүргізушісінің 100 QR 02 нөміріне қатысты болуы мүмкін.
Кейін 3 маусымда "қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты" іс тоқтатылғаны белгілі болды.
- Жалған айғақ беруге қатысты іс. Бұған дейін тергеу сотталушы қайғылы оқиға алдында бірге болған компанияға қатысты материалдарды жеке іске шығарғаны хабарланған болатын. Олар жалған айғақ берді деп күдіктелген еді. Осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды, бірақ тергеуден кейін полиция қылмыс құрамы жоқ деген қорытындыға келіп, 2026 жылдың 28 мамырында істі тоқтатты.
ІІМ бұл шешімнің заңдылығына түпкілікті бағаны прокуратура беретінін нақтылады.
Полицейге қатысты іс
Адам өліміне әкеп соққан жол апатына қатысты негізгі істен бөлек, тағы бір қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр.
- Қызметтегі әрекетсіздік. Күдікке Алматы Полиция департаменті басшылары бірінің жүргізушісі – полиция қызметкері ілінді. Тергеу мәліметінше, оның әрекетсіздігі адам өліміне әкеп соққан жол апатына себеп болуы мүмкін (370-баптың 4-бөлігі, 1-тармағы "Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік"). Бұл іс бойынша тергеу аяқталды.
Әл-Фарабидегі қайғылы оқиғаның хронологиясы
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыда ірі жол апаты болды: әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Mercedes пен Zeekr автокөліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты.
Mercedes маркалы көліктің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Жол апаты кезінде ол мас болған.
Оған қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Сонымен қатар мемлекеттік нөмір белгілері заңсыз берілуі мүмкін деген уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаментімен қылмыстық іс қозғады, бірнеше лауазымды адам қызметінен босатылды.
12 мамырда істі тергеу аяқталды. 28 мамырда Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алдын ала тыңдау өтті.
Әлеуметтік желілерде жол апатына полиция қызметкері қатысқан көше жарысы себеп болуы мүмкін деген нұсқалар пайда болды, содан кейін тексерулер мен қызметтік тергеулер басталды. ІІМ Алматы ПД-ның бірқатар басшысын қызметінен шеттетті, олардың бірінің жүргізушісі ұсталды.
Дау салдары
Осыдан кейін 26 наурызда ІІМ мәлімдеме жасады. Сондай-ақ министрдің бұйрығымен Алматы Полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.
Қазір Алматы Полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен Әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шұмаев әл-Фараби даңғылындағы жол апаты туралы видео жариялаған блогер Әділетхан Молдаханмен соттасып жатыр.
Олардың адвокаттарының айтуынша, видеода блогер полицияны жалған нөмір тағып, көліктерінің әйнектерін заңсыз қараңғылатқан жастарды қорғаштайды деп мәлімдеген. Оның пайымдауынша, мұндай әрекеттер жол апатына себеп болуы мүмкін.
Тағы оқыңыз: Алматыда Әділетхан Молдаханға қатысты сот басталды: зардап шеккендердің арасында ПД бастығының бұрынғы орынбасары бар