Кейкі батырдың басы елге жеткізілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Кейкі батырдың басы елге жеткізілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Батырдың мүрдесі Мәскеуден Астанаға бүгін, 6 қазанда таңғы сағат 5.00-де жеткізілді.
Еске салайық, биыл 12 тамызда Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Кәрім Мәсімов РФ Үкімет төрағасы Дмитрий Медведевпен кездесуі барысында өткен жүз жылдықтағы ұлт-азаттық қозғалыстың көшбасшысы Кейкі батырдың мүрдесін елге қайтару туралы мәселені көтерген еді. Дмитрий Медведев бұл мәселені анықтап, шешу үшін қажетті тапсырмалар беретінін айтты. "Мен ауызша және егер қажет болса, жазбаша тапсырма беріп, бұл мәселенің анық-қанығын анықтайтын боламын", - деп жауап берді Медведев Мәсімовтің ұлт көсемдерінің мүрделерін көму үшін Қазақстанға қайтару туралы өтінішіне.
Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы - 1916 жылғы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісінің батыры, атақты мерген. Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан. Қостанай облысы Аманкелді ауданының Байтума қопасында дүниеге келген. Ол Ресей патшасының 1916 жылғы маусым жарлығы себеп болған Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне алғашқы күндерінен белсене араласып, сол көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі болды. Қазақстан ұлттық энциклопедиясындағы мәлімет бойынша, ол Торғайда қызыл әскер қолынан айуандықпен өлтірілген. Оның басы қазір Санкт-Петербургтегі антропологиялық қордың кунсткамерасында сақталып келді. Кейкі батыр Көкембайұлының ұрпақтары Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Ақтас, Тасты елді мекендерінде тұрады. 1996 жылы Кейкі батырдың 125 жыл толуына байланысты ас беріліп, ескерткіш орнатылды.