1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Коронавирус жұқтырған алматылық тұрғын жағдайын айтты

Фото almaty.tv сайтынан Фото almaty.tv сайтынан

Алматылық Владимир Мурзин коронавирус жұқтырғандардың бірі. Ол Almaty.tv телеарнасына өз оқиғасын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Владимир Мурзин 15 наурызда Ыстамбулдан Алматыға ұшып келген. 29 жастағы жігіт бұған дейін өмірінде мүлде ауруханаға жатпағанын айтады. Бүгін ем қабылдап жатқан 12-күні.

Бөлме күніне 3 мәрте тазаланады, тоңазытқыш, теледидар бәрі бар екен. Ауруханада науқастар үшін барлық жағдай жасалған. Алматылық тұрғын тест-сынамасын үшінші рет тапсырған кезде ғана қауіпті індет анықталыпты.  

"Ыстамбулдан келгенде бірден анализ тапсырдық. Нәтижесінде коронавирус белгілері болмады. Араға 8 күн салып тағы да қан тапсырдық. Дәрігерлердің айтуынша, екінші анализдің қорытындысы бойынша күдік белгілері байқалған. Абыржып, уайымдап кеттім. Содан соң жұқпалы аурулар ауруханасына апарды. Ол жерде үшінші анализді өткіздік. Нәтижесі расталды. Біз үшін дәрігерлер күні-түні аянбай қызмет етіп жүр. Оларға алғысымды білдіргім келеді. Өз денсаулығыңызды сақтаңыздар!", – деді қала тұрғыны Владимир Мурзин.

Ресми мәлімет бойынша, қазір Алматыда COVID-19 жұқтырғандардың саны 119 адамға жеткен. 80 науқастың жағдайы - қанағаттанарлық, екі егде адамның жағдайы тым ауыр. Қалғандарының жағдайы - орташа ауырлықтағы деңгейде. 

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!