Қостанай қалалық ауруханасына бір күн ішінде 134 адам түрлі жарақатпен түсті, оның 23-і ауруханаға жатқызылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қостанай қалалық ауруханасына бір күн ішінде 134 адам түрлі жарақатпен түсті, оның 23-і ауруханаға жатқызылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қалалық аурухананың бас дәрігері Самат Шүменбаевтың айтуынша, бір күн ішінде мұнша адам ешқашан келмеген. "Адамдар әлі де келіп жатыр, дегенмен аздап азайды. Бүгін травма бекетінде жұмыс істеу үшін қосымша төрт дәрігер бөлінді. Алдағы күндері ауа райының қандай болатынын білдік. Енді күшейтілген режимде жұмыс істейміз", - деді ол.
Қостанай облыстық ауруханасының қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Ксения Жілкібаева қала бойынша тайғақтан зардап шеккен 150-ден аса адамның келгенін, олардың 20-сының травма бөлімшесіне, 5 адамның нейрохирургияға жіберілгенін айтты. Сонымен қатар, балалар ауруханасының травма бөлімшесіне 10 бала келген. Бір бала бассүйек-ми жарақатымен ауруханаға жатқызылды. Балалар ауруханасына екі ересек адам қабылданды. Осылайша, Қостанайда бір күн бойы көктайғақтан 160 адам зардап шеккен. Айта кетейік, бұған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендер кірмеді.
Еске сала кетейік, Қостанайда күннің аяқ асты жылынуынан көктайғақ болған еді. Күннің алғашқы жартысында қоғамдық көліктер тоқтап, адамдар жұмыстарына жете алмады. Ауа райына байланысты жол-көлік оқиғасының саны артып, жолдың тайғақ болуынан жарақаттанғандар көбейді. Синоптиктердің мәліметінше, Қостанайда мұндай ауа райы алдағы күндері сақталады.