Қарағандының санитар дәрігерлерінің мәліметі бойынша, анықталған жайт бірен-саран, сондықтан ол халық арасында дүрбелең туғызбауы керек. Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті мамандарының болжамдарына сәйкес, формальдегиді бар балалардың киімі Қырғызстанның ірі фабрикаларында емес, бейберекет жағдайда жұмыс істейтін жерлерде тігілуі мүмкін, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қарағандының санитар дәрігерлерінің мәліметі бойынша, анықталған жайт бірен-саран, сондықтан ол халық арасында дүрбелең туғызбауы керек. Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті мамандарының болжамдарына сәйкес, формальдегиді бар балалардың киімі Қырғызстанның ірі фабрикаларында емес, бейберекет жағдайда жұмыс істейтін жерлерде тігілуі мүмкін, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Біз өнімнің 62 сынамасын алдық, олар балалар мен жасөспірімдерге арналған. 40 сынамадан сәйкессіздік анықталды. Сонымен қатар, Қырғызстан Республикасы өндірген балалар киімдерінің барлық санының 17 сынамасынан ғана формальдегидтің артық мөлшерде болғаны анықталды, бұл дым тартқыштық пен материалды пайдалану бойынша сәйкессіздікті білдіреді. Бірақ асыра сілтеп, дүрбелең туғызудың қажеті жоқ! Біз Қырғызстаннан келген киімдердің барлығында у бар дегенді растамаймыз! Біріншіден, формальдегид - уландыратын зат. Екіншіден, біз киімдер Қырғызстанның ірі фабрикаларында тігілген деп мәлімдей алмаймыз. Иә, оларда "Қырғызстанда жасалған" деген этикетка болды, бірақ, олар бейберекет жағдайда жұмыс істейтін жерлерде тігілуі мүмкін. Сондықтан асығыс тұжырым жасай алмаймыз", - деп хабарлады қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті басшысының орынбасары Юрий Залыгин.
Сонымен қатар, спикердің айтуына қарағанда, санитарлық нормалардың бұзылғаны анықталған сәтте кәсіпкерлерге өнімдердің барлығын сатылымнан алып тастау туралы кеңес берілген.
"Біз нормаға сәйкес келмейтін кез келген тауарды сатылымнан алып тастауды ұсынамыз. Кәсіпкер тауарды жоюға немесе жеткізушіге қайтаруға немесе тауардың нормаға сай екенін дәлелдейтін құжатты бізге әкеліп беруге міндетті. Бұл ұсыныстардың орындалған немесе орындалмағаны жоспардан тыс өткізілетін тексеру барысында қаралады", - деді Залыгин.
Маманның айтуынша, кәсіпкерлердің қателігі мынада, олар жеткізушіден сәйкестендіру сертификатын талап етпейді және тауарды сатып алу кезінде құжаттардың күмәнді көшірмелеріне сенеді. Сонымен қатар, оның сөзіне қарағанда, құрамында формальдегиді көп киімдердің, оның ішінде балаларға арналған киімдердің көпшілігі Алматы мен Бішкектің көтермелеп сататын базарларынан өздігінше жеткізілгені анықталды.
"Бұл заң бұзушылықтардың барлығы өткен жылы анықталды! Осыдан кейін департамент жоспардан тыс 65 тескеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде 39 ұйғарым беріліп, жалпы сомасы екі миллион 800 мың теңге болатын 25 айыппұл салынды. БАҚ-та 200 миллион теңге айыппұл деген цифрдың қайдан шыққаны - біз үшін жұмбақ!", - деді Залыгин.
Еске сала кетейік, Қырғызстаннан жеткізілген күртелер, жейделер мен белдемшелер, тіпті жаңа туған нәрестелерге арналған ит көйлектерден де қауіпті газ - формальдегид анықталған болатын. Кейін Қырғызстанның денсаулық сақтау министрі Талантбек Батыралиев Қарағанды облысының Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің балалар киімінен у табылды деген мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. "Мұның Қырғызстаннан екені бойынша ресми сауалхатты алысымен нақты шараларды қолға аламын. Назарсыз қалдырмаймын. Қызметтік тергеу жүргіземін, тіпті прокуратураға жолдаймын, дәлелденсе, әрине. Бірінші ол Қырғызстанда жасалды ма, әлде біздің ел арқылы шетелден жеткізілді ме, соны анықтау керек", - деді министр.