Қыз бала алтыншы қабаттан құлап, аман қалды: Павлодар дәрігерлері таңғажайып оқиға деп отыр

23 Қазан 2018, 13:00
0
Қыз бала алтыншы қабаттан құлап, аман қалды: Павлодар дәрігерлері таңғажайып оқиға деп отыр - Иллюстрация © ves-novgorod.ru
Иллюстрация © ves-novgorod.ru

Павлодарда көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен бес жасар қыз оңалып келеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Павлодарлық дәрігерлер бұл оқиғаны таңғажайып деп отыр, себебі қыз бала алтыншы қабаттан құласа да айтарлықтай жарақаттанбаған.

"Бізде баланың қашан құлағаны туралы нақты дерек жоқ, бірақ жиырма минуттың ішінде облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Қызды кезекші хирург, реаниматолог, хирург және травматолог тексерген. Қыз бала ауруханаға жеткізілгенде неврологиялық симптоматикалардың әсерінен жағдайы орташа ауыр болған.

Бас миына компьютерлік томография мен қажетті зерттеулер жасалды. Қызда бас сүйек-ми зақымы болып, бетін жаралап, ауыртып алған, бет сүйегі мен мұрын қуысы сынған. Аяқ-қолынан сынық табылған жоқ", - деді облыстық балалар ауруханасы травматология бөлімінің дәрігері Талғат Қасымбеков.

Дәрігерлердің айтуынша, қыз тез жазылып келеді. "УДЗ жасалды, сонымен қатар, тиісті қасымша шаралардың барлығы жасалды. Қазіргі таңда баланың өміріне келер қауіп жоқ. Бала сөйлеп жатыр. Ол өзі төсекке отырады, ақаулар байқалмайды", - деді Қасымбеков.

Дәрігерлердің айтуынша, қыз бала өтіп бара жатқан адамның арқасында аман қалған, ол бала құлағаннан кейін тыныс алуына көмектескен. Қызды құтқарып қалған - Павлодар тұрғыны Александр Жұмабаев.

"Кеше ауруханаға қызға бардым, оның анасымен және әжесімен кездестім. Қыздың анасы жүкті екен. Құтқарып қалғаным үшін алғыстарын айтты. Көп нәрсе істеген жоқпын. Аман болғаны үшін өте қуаныштымын. Қыз палатада өзі жүріп жүр, сөйлейді. Өкінішке қарай, есімі есімде қалмапты, бірақ міндетті түрде тағы барамын", - деді Жұмабаев.


Александр жұбайымен. Жеке мұрағаттан алынған сурет.

Ер адамның айтуынша, оқиға болған күні ол күтпеген жерден көпқабатты үйдің жанына барған. "Жұбайымды жұмыстан қарсы алайын деп кетіп бара жаттым. Әдетте ауламен өтетінмін, сол күні кеште басқа жолмен барайын деп шештім, дүкенге кірдім. Көпқабатты үйдің жанынан өтіп бара жатып, сатыр-сұтыр еткен дыбысты естідім. Алдыма келіп москит торы құлады, басымды көтеріп қалып едім, артынша баланың құлап келе жатқанын көрдім. Ұстап қалайын деп жүгірдім, ол бір жерін зақымдап алмаса екен дедім. Бірақ үлгермедім. Ол бұталарға құлады. Мен бұталарға қарай жүгірдім, өліп қалды ма деп ойладым, бірақ сонда да, қалай да көмектескім келді. Қозғап көріп едім, тыныс ала алмай жатты. Мен бірден қолдан дем алдырдым, осыдан кейін тыныс ала бастады.

Ол мені мойнымнан құшақтап, мен оны көтеріп, жедел жәрдем шақырдым. Бірнеше минуттан кейін 103 номерін қайта тердім, бала үшін қатты алаңдадым, дәрігерлерді асықтырдым. Осы кезде бір ата немересімен келді. Ол күртесін шешіп берді, қызды орап қойдық. Ол тым жеңіл киінген екен. Екі-үш минуттан кейін баланың анасы жүгіріп шықты, осы кезде жедел жәрдем келді", - деді Жұмабаев.

Еске сала кетейік, оқиға 20 қазанда кешке болды. Бес жасар қыз алтыншы қабаттан құлап кетті. Өтіп бара жатқан адам қызды құтқаруға көмектесті. Денсаулық сақтау басқармасындағылардың айтуынша, қыздың бұталарға құлауы соққының қатты болуына жол бермеді.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай