18 қазан 2018 10:25

Қызылорда облысында шағын және орта бизнесті дамыту арқылы 14 мың адам жұмысқа орналасты

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Қызылорда әкімінің баспасөз қызметі © Қызылорда әкімінің баспасөз қызметі

Қызылорда облысында шағын және орта бизнесті дамыту арқылы 14 мың адам жұмысқа орналасты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Қызылорда облысында шағын және орта бизнесті дамыту арқылы 14 мың адам жұмысқа орналасты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әкімдіктегілердің мәліметінше, биыл 1 қазандағы жағдай бойынша, қолданыстағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 41 393-ке жетті. Соңғы жылы олардың саны 11 пайыздан асқан. 

"16-17 қазанда Қызылорда облысы әкімдігінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша мәжіліс өтіп, онда 9 айда атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Жаңа жұмыс орындарын ашу 2018-2020 жылдардағы өңірлік өнімдегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің үлесін арттыру және  жұмыссыздар мен өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандардың санын азайту  мақсатында аймақта жаппай кәсіпкерлікті дамыту мен қолдаудың үш жылдығы жарияланды", - дейді әкімдіктің баспасөз қызметіндегілер.

Жиналысқа ауылдық округ пен аудан әкімдері, кураторлар - ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға жауапты аймақтық департаменттер мен инспекциялардың, басқарма мен өңірлік қаржы институттарының басшылары қатысқан.

"Жылдың басында жұмыссыздар мен өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандар саны 97,5 мың болса, бүгінгі күні олардың саны - 35,8 мың адам. Яғни 62 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған және ресми түрде тіркелген. Оның ішінде 14 мыңнан аса адам жаппай кәсіпкерлікті қолдау шаралары аясында жұмыс істеп жатыр", - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

2017 жылдың қорытындысы бойынша облыстың ішкі өңірлік өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 14,2 пайызға жеткен.

"2018 жылдың соңында шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі кемінде 15 пайыз, 2020 жылы 25 пайыз болуы керек. Мемлекет басшысының бастамасы бойынша, "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы тағы 5 жылға ұзартылды. Осыған орай ауылдық округтердегі кәсіпкерлікті дамытуға жауапты тұлғаларға ауыл әкімдерімен бірлесіп, нақты жобалар аясында, оның ішінде  зәкірлі жобаларды қолдауды және олар іске қосылғанша бақылау жасауды тапсырамын", - деді облыс әкімі.

Әкімдіктегілердің мәліметінше, жиын барысында аудан, ауылдық округ әкімдері мен кураторлар кәсіпкерлік субьектілерін ашу бойынша жүргізілген жұмыстар жайлы есеп берді. Мысалы, жыл басынан бастап 1 қазан аралығында Сырдария ауданында - 2167, Қызылордада  26 099 шағын және орта бизнес субьектісі тіркелген. Аймақ басшысы қала басқа аудандарға үлгі болуы керек екенін нақтылап, жыл соңына дейін мемлекеттік органдар басшыларының өз саласы бойынша ШОБ дамыту бойынша жүргізілген жұмыстарының қорытындысы  тыңдалатынын атап өтті. 

Мәжілісте кейбір ауылдық округтердің әкімдері мен олардың кураторларына сөгіс пен ескерту берілді, жыл соңына дейін оң нәтиже бермеген жағдайда жұмыстан босатылатынын ескертті.

"Мемлекет барлық жағдайларды жасауда: қаражат бөлінді, бағдарламалар әзірленді, сіздерден тек осы жұмыстарды өңірімізде  ұйымдастыруға деген ниет қажет. Біз облыс тұрғындарының әл-ауқатына жауаптымыз, жауапкершілікті алып, нәтижелі жұмыс істеуге тиіспіз. Жыл соңында  әрқайсыларыңыздың есептеріңіз тыңдалып, жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлестеріңіз қарастырылатын болады", - деді Көшербаев.

Осы ретте облыс әкімі екінші деңгейдегі банктердің басшыларына несие портфелін ұлғайтуды тапсырды.

"Банктердің филиалдары жұмыс істемесе, аймақтағы ШОБ-тің дамуына үлес қоспаса, онда қызметін дұрыс атқармайтын жергілікті  филиал директорларын жұмыстан босатуға  немесе филиалды мүлдем жабуға қатысты басшыларынан талап етуге тура келеді", - деді облыс әкімі.

Кездесуді қорытындылай келе, аймақ басшысы жергілікті кәсіпкерлікті дамытуда әрбірінің  жеке жауапкершілік таныту керектігін ескертті.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.26   490.7   4.83 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети