1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Қызылордада тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін 776 миллион теңге бөлінді

Қызылордада азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мақсатында бюджеттен 776 миллион теңге бөлінді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қызылорда облысы әкімінің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздегі төтенше жағдайға және дағдарысқа қарсы іс-шараларына қатысты берген тапсырмаларын орындау жөнінде отырыс өтті.

Жиында сәуір айынан бастап аймақ тұрғындарына қосымша қандай көмектердің көрсетілетіндігі талқыланып, нақты міндеттер жүктелді.

"Мемлекет тарапынан мұндай халықты қолдау шаралары бұрын соңды болмаған. Сондықтан осындай қиын-қыстау кезеңде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекті өңір тұрғындарына уақытылы әрі сапалы жеткізу біздің міндетіміз екенін ұмытпаңыздар. Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау үшін бюджетті тиімді жоспарлап, қала, аудан әкімдері мен басқарма басшылары тиісті талаптарды тиімді әрі жылдам орындаулары керек", - деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Сонымен қатар, аймақ басшысы қала, аудан және ауылдық округ әкімдеріне бюджет кірістерін есептеп, шығындарды оңтайлындыруды  да тапсырды.

"Шағын және орта бизнес субъектілеріне жасалған жеңілдікті ескере отырып, Қызылорда қаласы мен барлық аудан, ауылдық округ әкімдері бюджеттің кірістері мен түсімдерін анықтап, соған сәйкес жылдық жоспарды орындауы қажет", - деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, отырыс барысында бірінші кезекте әлеуметтік осал топ өкілдеріне баса көңіл бөлу керектігі айтылды. Оның ішінде табысынан айырылған азаматтарды ең төменгі жалақы мөлшеріндегі қаржымен, мұқтаж азаматтарды тұрмысқа қажетті заттар және азық-түлікпен қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

"Жауапты сала мамандары халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтықпен қамтамасыз ету жұмыстарын бүгінгі күннен бастап уақытылы қамтамасыз етсін және "Жұмыспен қамтудың 2020 – 2021 жылдарға арналған жол картасын" іске асыру аясында жаңа жұмыс орындарын құруға қатысты кешенді шаралар қабылдасын", - деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі электронды үкімет порталының жұмысын да сынға алды. "Халыққа қызмет көрсету саласындағы жұмыстарды уақытылы орындалуы қажет", - деді. Сонымен қатар, жұмыссыз ретінде тіркелген және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға 42 500 теңге көлеміндегі төлемдердің уақытылы төленуін қамтамасыз ету міндеттелді. Ал медицина қызметкерлеріне мемлекет тарапынан қаралған үстемақыға уақытылы қол жеткізу тапсырылды.

Өңірде азық-түлік қауіпсіздігін сақтау тұрғысында облыстық бюджеттен 776 млн теңге бөлінді. Бұл ретте, тауар ең алдымен отандық өндірушілерден сатып алынуы тиіс.

"Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы "Байқоңыр" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ бірлесіп, азық-түлік тауарларын отандық ауылшаруашылығы және өңдеу кәсіпорындарынан кем дегенде 6 айға кепілдендірілген сатып алу механизмі бойынша іске асыру жұмыстарын ұйымдастырсын. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы "Бизнестің жол картасы 2025" мемлекеттік бағдарламасы аясында облысқа қосымша қаржы тарту мәселесін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігімен пысықтасын", - деді Әбдіқалықова.

Жиын соңында аймақ басшысы, қала және аудан әкімдеріне, жауапты сала басшыларына нысандарды жалға алушы кәсіпкерлерді жалдау ақысынан босату, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің коммуналдық төлемдерін кейінге шегеру, ауыл кәсіпкерлерін несиемен қамтамасыз ету, қайтарымсыз гранттар беру сынды мәселелерді шешуді тапсырды. Тиісті мекеме басшыларына көктемгі дала жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізу міндеті жүктелді.

Мәжілісте облыстық экономика және бюджетті жоспарлау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және туризм басқармаларының басшылары және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" АҚ-ның Қызылорда облысы бойынша  филиалының басшысы баяндама жасады. Қала және аудан әкімдері бейне-байланыс арқылы әлеуметтік-экономикалық жағдай жөнінде есеп беріп, коронавируспен күрес шараларына тоқталды.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! 

Доллар арзандады