Қазақстандық жүргізушілерге дайын құжаттарды алу үшін енді мамандандырылған ХҚКО-ларға барудың қажеті жоқ, деп хабарлайды Tengri Auto "ҰАТ" АҚ-на сілтеме жасап.
"ХҚКО" мобильді қосымшасында жеткізу қызметі пайда болды. Енді көлік иелері жүргізуші куәлігін, техникалық паспортты немесе автокөліктің мемлекеттік нөмірін үйге жеткізуге тапсырыс бере алады.
Жеткізуге құжаттар немесе мемлекеттік нөмір дайын болғаннан кейін тапсырыс беруге болады. Қызмет тапсырыс рәсімделген елді мекен шегінде көрсетіледі.
Маңызды жайт: сағат 17:00-ге дейін рәсімделген тапсырыстар сол күні, ал 17:00-ден кейін рәсімделгендері келесі жұмыс күні жеткізіледі.
Жеткізуге қалай тапсырыс беруге болады?
Дайын құжатты жеткізуге тапсырыс беру үшін келесі қадамдарды орындау қажет:
- "ХҚКО" мобильді қосымшасына кіріп, "Мамандандырылған ХҚКО" бөлімін ашу, содан кейін "Дайын құжаттарды жеткізу" қызметін таңдау.
- Мекенжайды көрсетіп, қабылдап алуға ыңғайлы уақытты таңдау.
- Тапсырысты растап, қызмет ақысын төлеу.
Өтінім рәсімделгеннен кейін қосымшада оның мәртебесін және курьердің қай жерде келе жатқанын нақты уақыт режимінде бақылауға болады.
Бұған дейін Қазақстанда көлік иелеріне тағы бір рәсім жеңілдетілгені хабарланған болатын.