Алматыда тағы бірнеше көше біржақты болады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алматыда тағы бірнеше көше біржақты болады Фото:depositphotos.com

Алматыда көшелерді біржақты қозғалысқа көшіру жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Tengri Auto.


Алматыда көшелерді біржақты қозғалысқа көшіру жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Tengri Auto.

Қозғалыс қай жерлерде өзгереді?

25 маусымнан бастап Алмалы ауданында жаңа қозғалыс сызбасы пилоттық режимде іске қосылады. Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы мәліметінше, бірден үш учаскеде біржақты қозғалыс енгізіледі.

Прокофьев көшесінің Абай даңғылынан Кіші Абай көшесіне дейінгі учаскесінде қозғалыс солтүстік бағытта ұйымдастырылады.

Сондай-ақ өзгерістер Кіші Абай көшесіне де қатысты болмақ. Прокофьев көшесінен Брусиловский көшесіне дейінгі учаскеде көліктер тек шығыс бағытта жүре алады.

Бұдан бөлек, Түркебаев көшесінің Сәтбаев көшесінен Төле би көшесіне дейінгі учаскесі біржақты болады. Мұнда қозғалыс солтүстік бағытта реттеледі.

Әкімдік бұл өзгерістер Алматы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқанын түсіндірді. Қала билігі пікірінше, жаңа сызба көшелердің өткізу қабілетін арттырып, көлік жүктемесін азайтуға және жолдардағы даулы жағдайлардың санын қысқартуға тиіс.

Бұл шешім көлік жағдайын талдаудан кейін, сондай-ақ аудан тұрғындарының өтініштерін ескере отырып қабылданғаны атап өтілді. Өзгерістер көлік қозғалысын ретке келтіруге және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға септігін тигізеді деп күтіледі.

Қаланың басқа аудандарындағыдай, өзгерістер пилоттық негізде енгізіліп жатыр.

Мониторинг пен тиімділікті бағалаудан кейін билік жаңа қозғалыс сызбасын әрі қарай қолдану туралы шешім қабылдайды.

Еске салайық, бұған дейін Медеу ауданындағы Достық даңғылында (Гоголь көшесінен Жібек жолы даңғылына дейін) және Зенков көшесінде (Мақатаев көшесінен Гоголь көшесіне дейін) біржақты қозғалыс енгізілген болатын. Сондай-ақ өзгерістер Әуезов ауданының осы аттас шағын ауданындағы Атамекен көшесіне де қатысты болды.

Тағы оқыңыз: Алматыда Тимирязев көшесі қалай өзгереді: сарапшы ықтимал нұсқаларды бағалады