1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

ІІМ тұрғындардан қару сатып алу науқанын бастайды 12 сәуір 2021, 13:00

Қазақстандықтар заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәріні және жарылғыш затты ақшалай сыйақыға тапсыра алады. ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Vkontakte
  • Facebook
  • Twitter
  • Одноклассники
  • Telegram
Новостью поделились: человек

Фото: gov.kz Фото: gov.kz

Қазақстандықтар заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәріні және жарылғыш затты ақшалай сыйақыға тапсыра алады. ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюктің айтуынша, қарудың әр данасы үшін 30-дан 300 мың теңгеге дейін төленеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

20 сәуірде ІІМ заңсыз сақталған қару-жарақты сатып алу бойынша жыл сайынғы республикалық акцияны бастайды.

"Бұған дейін науқан кезінде қазақстандықтар 53 мыңнан аса атыс қаруы мен екі миллионнан аса ойық қару патронын өз еркімен тапсырды. Жалпы сомасы шамамен 1,7 миллиард теңгеге қару-жарақ заттары сатып алынды. Шаралар криминогендік жағдайға оң әсер етті. Тек соңғы бес жыл ішінде қару-жарақпен жасалған қылмыс саны жартысынан көбіне азайды (2015 жылғы 488-ден 2020 жылы 224-ке дейін). Заңсыз сақталған қару-жарақ, оқ-дәрі мен жарылғыш затты өз еркімен тапсыруға ниет білдірген азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады", - деді Милюк ведомствоның онлайн-брифингінде.

Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрі, жарылғыш затты ақшалай сыйақы үшін тапсыруға ниет білдірген азамат кез келген аумақтық полиция органына өтініш береді. Өтінішті полиция органдарының кезекші бөлімдеріне де беруге болады.

"Телефон арқылы өтінім қалдырған кезде барлық қажетті шараны жүргізетін полиция қызметкері жіберіледі. Қаруды немесе оның компоненттерін ұқыпсыз пайдалану ауыр зардапқа әкелуі мүмкін. Өйткені олар өмір мен денсаулыққа үлкен қауіп төндіреді. Осыған байланысты қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет. Табылған қаруды бөлшектеу, сындыру және тасымалдау ұсынылмайды. Осы мақсатта арнайы оқытылған қызметкерлер мен техникалар бар", - деді ІІМ ӘПК басшысының орынбасары.

Төлем сомасы қарудың түріне, оның техникалық жағдайына байланысты және әр данасы үшін 30 мыңнан 300 мың теңгеге дейін (10-нан 100 АЕК-ке дейін) қарастырылады.

Сыйақы мөлшерін облыс, қала және аудан полиция органындағы комиссия анықтайды.

"Тапанша мен револьвер үшін 100 мың теңгеге дейінгі мөлшерде төлем жасау көзделген. Тегіс ұңғылы мылтық 90 мың теңгеге бағалануы мүмкін. Төлемдер мөлшерін айқындау кезінде комиссия қарудың техникалық жағдайын ескереді және тиісті санат береді. Бірінші санатқа жатқызылған қару үшін төлем 100 пайыз, екінші санатқа 70 пайыз және үшінші санатқа 30 пайыз есептеледі", - деді комитет басшысының орынбасары.

Бірінші санатқа пайдаланылмаған, жарамды, тауар түрін жоғалтпаған қару жатады.

Екінші санатқа пайдалануға кедергі келтірмейтін бөлшектерінің бүлінуі, жекелеген техникалық немесе ақауы бар қару жатады. Қалпына келтіруге болатын қару екінші санатқа жатады.

Үшінші санатқа техникалық немесе экономикалық себептер бойынша жөндеуге немесе қалпына келмейтін техникалық ақауы бар жарамсыз немесе пайдалануға қауіпті қару жатады.

Сыйақы бір ай ішінде төленеді.

"Атыс қаруы, оқ-дәрі немесе жарылғыш зат деп танылмаған не ІІМ ақпараттық жүйелерінде "тіркелген" немесе "криминал" қару ретінде есепте тұрған заттарға сыйақы төленбейді. Қолдан жасалған оқ-дәрі, сондай-ақ тегіс ұңғылы, газды және жарақат салатын қару патрондары үшін өтемақы төлемі көзделмейді. Антикварлық қару мен тарихи маңызы бар қару, ережеге сәйкес, криминалистикалық бөлімшелердің заттай коллекцияларына немесе ІІМ мұражайларына берілуі мүмкін", - деп түйіндеді Алексей Милюк.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!