Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, мәдениет пен өнер саласы ел өмірінің ажырамас бөлігі ретінде әрдайым мемлекет назарында болады.
"Еліміздің төл мәдениеті дүние жүзіне лайықты деңгейде танылып келеді. Халқымыз жақсы көретін әйгілі музыканттар, әншілер, актерлер, суретшілер, бишілер, креативті индустрия өкілдері және басқа да өнер шеберлері қазіргі қазақ руханиятының жарқын бет-бейнесіне айналды. Қазақстанның шетелде кеңінен танылған медиа жобасы – Silk Way Star халықаралық ән байқауы. Бұл – заманауи мәдени дипломатияның бір үлгісі. Еліміз халықаралық ұйымдармен ықпалдастықты айтарлықтай күшейтті", - деді Президент.
Айта кетейік, Silk Way Star финалы Jibek Joly арнасында тікелей эфирде көрсетілді. Шоу Әзірбайжандағы Space TV, Тәжікстандағы Safina, Қырғызстандағы Muzyka және Madaniyat, Моңғолиядағы UBS және AIST Global, Өзбекстандағы Zor TV және Грузиядағы Georgian Times арналарында көрсетілді.
Тікелей эфирде көрсетілген үлкен финалда жеті қатысушы жеңіске жету үшін бақ сынасты. Жеңімпаз аралас жүйе бойынша таңдалды: 50 пайызы қазылар алқасының дауыс беруімен, 50 пайызы байқау веб-сайтындағы онлайн көрермендердің дауыс беруімен.
Финалистерге берілген дауыстар келесідей бөлінді:
- Мишель Джозеф (Моңғолия) - 112 241 дауыс;
- Мадинабону Адылова (Өзбекстан) - 85 443 дауыс;
- Чжан Хе Сюань (Қытай) - 73 662 дауыс;
- Саро Геворгян (Армения) - 73 160 дауыс;
- Язмин Азиз (Малайзия) - 73 609 дауыс;
- Автандил Абесламидзе (Грузия) - 46 027 дауыс;
- ALEM / Батырхан Маликов (Қазақстан) - 32 145 дауыс.
Моңғолиядан келген Мишель Джозеф жеңіске жетті. Silk Way Star титулының иегері әлемдік аренада өз атын шығаруға мүмкіндік алады.
Дауыс беру 43 елдегі көрермендер қатысқаны хабарланды. Ең белсенді дауыс берушілер Қазақстан, Қытай, Моңғолия, АҚШ, Ресей, Түркия, Германия, Сингапур, Индонезия, Өзбекстан, Грузия және Малайзиядан болған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!