Мәдениет қайраткерлері Тұңғышбай Жаманқұловтың ұсталуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Айта кетейік, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов кеше, 2 қарашада ұсталған болатын. Ол "Феникс" көркемфильмінің түсірілім жұмыстарына бөлінген қаражатты жымқырды деп айыпталып жатыр.
Мәдениет қайраткерлері Тұңғышбай Жаманқұловтың ұсталуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Айта кетейік, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов кеше, 2 қарашада ұсталған болатын. Ол "Феникс" көркемфильмінің түсірілім жұмыстарына бөлінген қаражатты жымқырды деп айыпталып жатыр.
Режиссер Талғат Теменов Жаманқұловпен бірлесіп жұмыс істеген кезін еске алды. "Өте өкінішті. Тұңғышбай өте жақсы актер. Оның "Қан мен терден" басталатын фильмдерінің барлығы есімде. "Бөлтірік бөрік астында" туындысында Әзірбайжан Мәметовті сомдаған алғашқы рөлдерінен бері білемін. "Ол мен түсірген "Көшпенділер" фильмінде басты рөльдердің бірінде ойнады. Ол өте қабілетті адам, сондықтан өкініш білдіремін. Әрине, мәселенің мән-жайын сот пен тергеу анықтайды", - деді ол.
Сонымен қатар, Теменов Жаманқұловтың ұсталуын түсінбеушілік немесе жала деп қабылдайтынын жеткізді. "Себебі ол актер, әртіс және істің қаржылай тұстарын түсінбейтін шығар. Түсінсе де, дұрыс түсінбейді. Продюсер болу - мүлдем басқа мамандық. Оның мамандығы режиссер де емес, режиссураны бітірген жоқ. Мәселен, мен режиссермін - мен ешқашан балет қоймаймын, себебі бұл істе білетінім аз. Мұнда қателік болса, Тұңғышбай білместіктен жасады", - деді ол.
Теменов Жаманқұлов жұмысына оралады деп үміттенеді. "Оның тезірек отбасына, жұмыс ұжымына оралғанын қалаймын. Ұйымдастырушылық қасиеттері нашар шығар. Бірақ ол өте қабілетті актер, дарынды. Дарыны бар, даусы бар. Әнді де тамаша айтады. Ол игі істермен айналысуы керек. Жасампаз тұлғалар бар, жоятын тұлғалар бар. Ол - жасампаз тұлға. Бұдан біз де, өзі де, көрермен де ұтпаса, ұтылмайды", - деді Теменов.
Ал өз кезегінде тағы бір режиссер Ермек Тұрсынов бұл оқиғаның жағымсыз екенін атады. "Халық әртісі, еңбек сіңірген адам. Бір жағынан, қазір шешім шығаруға әлі ерте. Тергеу өз жұмысын қорытындыласын, сонда түсінеміз. Қазір дым да түсініксіз. Әрине, жағымсы оқиға, енді не болары белгісіз. Дәлелдеп көрсін. Түсініксіз оқиға. Отырып алып, болжағым да келмейді. Мұның жағымсыз оқиға екенін ғана айта аламын", - деді ол.
Ал Жаманқұловтың әріптесі, Әуезов атындағы театрдың актері Бекжан Тұрыс өз кезегінде бұл оқиғаға қатысты пікір білдіре отырып, Тұңғышбай Жаманқұловтың адамгершілік қасиеттерін айтты. "Ол өте жақсы актер, жақсы адам. Халық әртісі атағын босқа беретін бе еді", - деді ол.
Айта кетейік, мұның алдында мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Тұңғышбай Жаманқұловтың ұсталуына қатысты пікір білдірген болатын. Министрдің айтуынша, Тұңғышбай Жаманқұлов кешірім сұрау үшін арнайы Астанаға келген. "Бір апта бұрын ол арнайы келіп, кешірім сұрады. Ісіне өкінетінін айтты. Әрине, бұл мәселе оңай емес. Ұзақ ойландым. Мен оған көмек көрсетуге дайынмын (...). Кепіл беруге де дайынмын", - деді мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Еске салайық, осыған дейін қазақстандық актердің ұсталғаны хабарланған еді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы "Феникс" көркемфильмінің түсірілімдеріне бөлінген қаражаттың жымқырылғанын анықтаған болатын.