Мәжіліс депутат Мұрат Ергешбаевтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Палата спикері Ерлан Қошанов оған атқарған жұмысы үшін алғыс айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ергешбаевтың өкілеттігін тоқтату туралы шешім оның жуырда Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалуына байланысты қабылданды. Депутаттық өкілеттікті тоқтату туралы мәселе бүгін Мәжіліс отырысында қаралды.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов Президенттің 2026 жылғы 8 мамырдағы Жарлығымен Мұрат Ергешбаевтың Қызылорда облысының әкімі лауазымына тағайындалғанын еске салды. Осыған байланысты ОСК оның депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыныс енгізді.
Депутаттар бұл шешімге дауыс беріп, Ергешбаевтың жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Мұрат Ергешбаевтың өзі Президентке сенім білдіргені және туған жерінде қызмет етуге мүмкіндік бергені үшін алғысын жеткізді.
"Осы үмітті ақтау үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын. Мен үшін бұл - үлкен жауапкершілік", - деді ол.
Ол сондай-ақ Мәжілістегі әріптестеріне бірлесе атқарған жұмыстары үшін алғыс айтты.
"Парламент қабырғасында өткен үш жыл ішінде әріптестерімізбен бірге адал қызмет етіп, заңдарды талқылап, қабылдадық. Заң шығару жұмысын дамытуға менің де аз да болса елеулі үлесім бар деп ойлаймын. Үлкен тәжірибе жинақтадым және мұны мақтан тұтамын", - деп атап өтті Ергешбаев.
Мұрат Ергешбаевтың айтуынша, ол жаңа мәртебеде халық пен мемлекет игілігі үшін жұмысын жалғастыруды көздейді.
Мән-жайы
Мұрат Ергешбаев 8 мамырда Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды. Бұған дейін өңірді 6 мамырда Роман Склярдың орнына Қазақстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалған Нұрлыбек Нәлібаев басқарып келген еді.
Мұрат Налхожаұлы Ергешбаев 1966 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Мамандығы бойынша - экономист, Алматы халық шаруашылығы институтын және Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген.
Әр жылдары банк саласында және мемлекеттік қызметте еңбек етті, Қызылорда қаласының әкімі болды, сондай-ақ Қызылорда облысының Қармақшы, Шиелі, Қазалы және Сырдария аудандарын басқарды.
2023 жылдан 2026 жылға дейін Amanat партиясынан VIII сайланған Мәжіліс депутаты болды.