Венгриядағы Жаратылыстану ғылымдары мұражайындағы мамандар Кейкі батырдың бейнесін қалпына келтіру жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Венгриядағы Жаратылыстану ғылымдары мұражайындағы мамандар Кейкі батырдың бейнесін қалпына келтіру жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
13 қазанда Будапештке Кейкі батырдың бассүйегі жеткізілді. Музейдегілердің айтуынша, мамандар батырдың бассүйегінің бет-бейнесін құрастыру үшін оны үш өлшемді компьютерлік томографияға түсіреді. Ол бассүйекті толықтай зерттеуге көмектеседі. Ал жалпы бейнені қалпына келтіру жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын мамандар 18 қазанда Будапеште өтетін баспасөз конференциясында айтып беруге уәде берді.
"Үш өлшемді модельді суретке түсіріп, ДНҚ сараптамаларының үлгілерін алған соң, Кейкі батырдың бассүйегі Қазақстанға қайтарылады. Сосын ресми түрде өтетін салтанатты кеште батырдың бассүйегі оның туған жері Торғай ауданындағы жер қойнына тапсырылады. Сондай-ақ, онда батырға арналған тарихи ескерткіш орнатылады", - деп хабарлады музейдегі мамандар.
Сонымен қатар, Венгриядағы ғалымдар қажетті ғылыми зерттеулерді де жүргізеді. Олар бассүйекке тиген зақымдарды анықтап, ДНҚ сараптамаларын жүргізеді. Жалпы антропологиялық сараптаманы Андраш Жолт Биро мен Шандор Евингер жүргізеді. Ал Кейкі батырдың бет-бейнесін қалпына келтіру жұмыстарымен Агнеш Куштар айналысады.
Венгр мен қазақ антропологтары
Венгр антропологтары 2006 жылдан бері Қазақстандағы Орталық мемлекеттік музеймен біріге отырып, антропологиялық және генетикалық зерттеулер жүргізіп келеді.
Айта кетейік, Венгрияның антропологтары Кейкі батырдың бет бейнесін қалпына келтіру жұмыстарын 2016 жылдың желтоқсанына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Еске салайық, биыл 12 тамызда Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Кәрім Мәсімов РФ Үкімет төрағасы Дмитрий Медведевпен кездесуі барысында өткен жүз жылдықтағы ұлт-азаттық қозғалыстың көшбасшысы Кейкі батырдың мүрдесін елге қайтару туралы мәселені көтерген еді. Содан 6 қазанда Кейкі батырдың бассүйегі Астанаға жеткізілген болатын. Ал кейінірек Орталық мемлекеттік музейдің директоры Нұрсан Әлімбай 12 қазан күні Кейкі батырдың бассүйегіантропологиялық сараптама үшін Венгрияға жеткізілетінін мәлімдеді. Музей басшысы құнды жәдігерді арнайы контейнерде алып барды.