Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы Қазақстанда жекеменшік мекемелердің маңдайшаларын, мәзірлері мен бағаларын неге қазақ тілінде жазу туралы талапты енгізу жоспарланып отырғанын түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы Қазақстанда жекеменшік мекемелердің маңдайшаларын, мәзірлері мен бағаларын неге қазақ тілінде жазу туралы талапты енгізу жоспарланып отырғанын түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
6 қазанда Мәжіліс көрнекі ақпарат құралдарын өзгерту туралы мәселені екінші отырыста қабылдады. Елімізде жол белгілерін, жарнамалық хабарландыруларды, маңдайшаларды, бағаларды, ас мәзірі мен басқа да ақпаратты қазақ тілінде, қажет жағдайда орыс тілінде немесе өзге де тілдерде жазу туралы талаптар енгізу жоспарланып отыр.
Депутат Парламентте қаралып жатқан нормалар бірінші кезекте мемлекеттік органдарда, жеке ұйымдарда мемлекеттік тілді жүйелендіруге, дұрыс қолдануға бағытталғанын атап өтті.
"Нормада көрнекі ақпарат мәтіндерінде орфография мен түпнұсқа аударма ережелерін сақтау туралы талап көрсетілген. Сондай-ақ, заңнамалық түзетулерде көрнекі ақпаратты мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мен маңдайшаларына, жол белгілеріне, теміржол және автовокзалдарға және т.б. орналастыру тәртібі жазылған.
Мысалы, теміржол станцияларында, вокзалдарда, пойыздарда және жолаушыларға қызмет көрсететін басқа жерлерде ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде, ал қажет жағдайда басқа тілдерде де ұсынылуы керек", - деп түсіндірді Парламент мүшесі.
Оның айтуынша, мемлекеттік ұйымдарда маңдайшалар мен бланкілерге қазақ және орыс тілдерінде ақпарат орналастыру туралы талап сақталады.
"Тіл туралы" Заң нормаларында бұл анық жазылған: мемлекеттік ұйымдардың маңдайшалары мен бланкілері мемлекеттік және орыс тілдерінде, сондай-ақ қажет жағдайда басқа да тілдерде жазылады.
Қабылданған түзетулер бірінші кезекте мемлекеттік тілді қолдануды жүйелендіруге және реттеуге бағытталған. Бұл жалпы, қазақ тілін реформалау аясында маңызды және оның еліміздің Конституциясында бекітілген мәртебесіне сәйкес келеді", - деді ол.
Берік Әбдіғалиұлы жеке ұйымдардың маңдайшалары мен бланкілері, мемлекеттік емес ұйымдарда көрнекі ақпараттың мемлекеттік тілде берілуін заңнамалық тұрғыдан бекіту ұсынылатыны туралы айтты. Оның айтуынша, бұл норма мемлекеттік тілдің рөлі мен мәртебесін нығайту үшін маңызды.
"Мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мен бланкілері, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, бағалар, мәзірлер, көрсеткіштер және басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде, сондай-ақ, қажет жағдайда орыс тілінде немесе басқа да тілдерде жазатынын заң жүзінде бекіту ұсынылады.
Яғни біз жеке бизнеске таңдау құқығын береміз, өз ұйымы туралы ақпаратты тек мемлекеттік тілде және кәсіп иесінің қалауы бойынша орыс және басқа да тілдерде жазуға болады. Бұл қалыпты тәжірибе, бизнес өзі туралы ақпаратты қай тілде, әрине, мемлекеттік тілге нұқсан келтірмей, жазу керегін өз бетінше шеше алуы тиіс", - деп атап өтті Берік Әбдіғалиұлы.
Депутат Мәжілісте талқыланған нормалар Қазақстандағы тіл саясатына ешқандай теріс өзгеріс әкелмейді деген сенімде.
"Ұсынылған өзгерістер мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар үшін көрнекі ақпарат пен деректемелерді мемлекеттік және орыс тілдерінде, ресми мәртебесі бар, қазір қолданыстағы заңнамада жоқ тілдерде жазуды нақтылайды. Халық арасында бос даулар мен екі жақты түсінік қалыптастырмау үшін осындай өзгерістер ұсынылды", - деп түйіндеді ол.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!