Парламент Мәжілісінде жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдарын реттеу мәселесі талқыланып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Парламент Мәжілісінде жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдарын реттеу мәселесі талқыланып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мобильді аударымдарды реттеу туралы норма "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына енді.
Талқылау барысында депутат Аманжан Жамалов "жаңа нормада тұтынушылар мен кәсіпкерлерге қатысты не өзгереді, бизнесмендерге салық жүктемесі күшейе ме" деп сұрады.
"Кейбір кәсіпкерлік субъектілер салық міндеттемелерін орындамай, тиісінше айналымын көрсетпей, кірісін жасырады, салық төлеуден жалтарады. Осы заң жобасында қазір мобильді төлемдер деген ұғымды нақтылап жатырмыз. Бұл қазір Салық кодексіне енгізілетін төлем нысандарының бірі. Қазір бізде Салық кодексінде төлемнің тек екі түрі қарастырылған - қолма-қол ақша және POS-терминалдар көмегімен ақы алу арқылы тауарларды ұсыну және жұмыстарды, қызметтерді көрсету кезінде фискалдық түбіртектерді міндетті түрде тіркеу арқылы", - деп жауап берді депутат Сергей Симонов.
Оның айтуынша, кәсіпкерлік субъектісі мен жеке тұлғалар арасында аударымдарға қатысты жүргізілген операциялар бойынша ақпарат алмасу үшін уәкілетті орган мен екінші деңгейдегі банк арасындағы өкілеттіктер қосымша кеңейтіліп жатыр.
"Бұл жерде банктер кәсіпкерлік субъектілері пайдаланатын қаржы өнімдерін қосымша жақсартуы тиіс. Яғни, жеке шоттарды бөлу және бизнесті жүргізу, мобильді аударымдармен төлеу процедурасын жеңілдету. Яғни мобильді қосымшаларды қосымша енгізу, жақсарту. Бұл кәсіпкерлер үшін бизнесті жүргізу рәсімдерін жеңілдетуге және тиісінше, салық төлеу кезінде тоқсан сайынғы, жартыжылдық есептілікті ұсынуға мүмкіндік береді. Тұтынушы үшін бұл оның құқықтарын қосымша қорғау саналады", - деп түсіндірді Симонов.
Депутат салықтық жүктеме артпайтынын мәлімдеді, өйткені норма кәсіпкерлердің салық тәртібін жақсартуға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!