Назарбаев Финляндия Республикасының бизнес өкілдерімен кездесті

16 Қазан, 21:51
0
© akorda.kz
© akorda.kz

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия Республикасының бизнес өкілдерімен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап. 

Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия Республикасы Қазақстанның сауда-экономика саласындағы маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, екі ел арасындағы қарым-қатынастар достық пен өзара сенімге негізделгенін айтты.

"Тәуелсіздік жылдары Финляндия Қазақстанға 300 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция құйды. Қазақстанда фин капиталының қатысуымен түрлі салаларда 100-ге жуық кәсіпорын тіркелген", - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тиімді бизнес жүргізу үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып, бүгінгі кездесудің мақсаты экономикалық қарым-қатынастарды жандандыру және жаңа әріптестер іздестіру екенін атап өтті.

"Инвесторлармен және бизнес өкілдерімен өзара тиімді іс-қимыл жүргізу мақсатымен "Қазақ Инвест" және "Қазақ Экспорт" ұлттық компаниялары құрылды. Президент жанында Шетел инвесторларының кеңесі жұмыс істейді. Металлургия, мұнай өңдеу, машина жасау, химия, азық-түлік өндіру сияқты басым бағыттағы инвестициялық жобаларды іске асыру барысында корпоративтік, жер және мүлік салықтарынан босату қарастырылған, жер қойнауын пайдалануға лицензия алу және келісім-шарттар жасасу тәртібі жеңілдетілген. Сондай-ақ, шет елдерден жұмыс күшін тарту ісі квотасыз әрі рұқсат алу рәсімінсіз жүргізіледі", - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жиынға қатысып отырған бизнесмендерге Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды жекешелендіру жөнінде айтып, бұл іске шет елдерден, соның ішінде фин инвесторларынан сұраныс бар екенін атап өтті.

"Біз Финляндия - Қытай бағыты бойынша Қазақстан аумағы арқылы өтетін жаңа темір жол ашқанымызға қуаныштымыз. Енді, бұл бағыт бойынша және кері қарай жөнелтілетін контейнерлік тасымал уақыты теңіз жолына қарағанда 4 есе қысқарады", - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге мемлекеттік қолдау көрсету мәселелеріне тоқталып, фин компанияларын агроөндіріс кешеніндегі жобаларды іске асыруға белсенді атсалысуға шақырды.

"Қазақстан экономиканы жедел жаңғыртуға, жаңа технология мен инновацияны енгізуге бағыт алды. "Цифрлық Қазақстан" арнайы мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Фин компанияларының осы саладағы тәжірибесі біздің ынтымақтастығымызға жаңа жол ашар еді", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы "Астана" халықаралық қаржы орталығының және соның жанынан ашылған жоғары технологиялық биржаның артықшылықтары жөнінде айтып, осы жобаны жүзеге асыруға Шанхай қор биржасы мен NASDAQ америкалық биржасының атсалысқанын атап өтті.

"Астана" халықаралық қаржы орталығының "жасыл", исламдық және инновациялық қаржы құралдарын дамытудың өңірлік орталығына айналуға толық мүмкіндігі бар. Фин компанияларын осы орталықтың жұмысына атсалысуға шақырамын", – деді Қазақстан Президенті.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев фин кәсіпкерлерінің екі ел арасындағы бизнесті дамыту және өзара тиімді әріптестікті нығайту үшін Қазақстандағы барлық мүмкіндіктерді пайдаланатынына сенім білдірді.

Осыған дейін Назарбаевтың 16-17 қазанда Финляндияға баратыны жайлы хабарланған болатын.

 

Получить короткую ссылку


Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай