1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Назарбаев Кэмеронды сайлаудағы жеңісімен құттықтады08 мамыр 2015, 22:39

Елбасы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің премьер-министрі Дэвид Кэмеронға Консервативтік партияның парламенттік сайлаудағы жеңісіне байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан құттықтады. "Бұл жеңіс Ұлыбритания халқының Сіздің саясатыңызға білдірген айқын қолдауының көрсеткіші екені анық. Сіздің Премьер-министр лауазымындағы қызметіңіз еліңіздің өркендеуіне және Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестіктің одан әрі дамуына септігін тигізетініне сенімдімін", - делінген жеделхатта.

Нұрсұлтан Назарбаев Кэмеронға зор денсаулық пен қажымас қайрат, жауапты қызметіне табыс, ал достас Ұлыбритания халқына береке-бірлік пен бақуаттылық тіледі.

Дэвид Кэмерон өз партиясының парламент сайлауында жеңіске жетіп, үкіметті құруға құқық алғаннан кейін премьер-министр қызметін сақтап қалды.