27 сәуір 2017 | 19:29

Назарбаев оңтүстік халқына: Солтүстік, шығыс өңірлерге қоныс аударып, еліміздің дамуы мен болашағына зор үлес қосып келесіздер

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Ақорда © Ақорда

Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстан облысының жұртшылық өкілдерімен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап. Елбасы кездесуде өңірдің бірегей тарихына және мәдени ерекшелігіне тоқталды.


Иконка комментария блок соц сети

Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстан облысының жұртшылық өкілдерімен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап. Елбасы кездесуде өңірдің бірегей тарихына және мәдени ерекшелігіне тоқталды.

"Оңтүстік Қазақстан - қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлке. Бұл - абыздар мен әулиелердің қасиеті дарыған, Қожа Ахмет Яссауи мен Әл-Фарабидің ізі қалған, көне мәдени мұраға бай киелі жер. Қазір бұл өңірде бүкіл ел халқының 16 пайызы тұрады", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті оңтүстік өңірдің тарихын тұтас Қазақстанның тарихы деуге болатынын атап өтті.

"Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде 800-ден астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Әлемге әйгілі жәдігерлеріміздің көпшілігі осында. Түркістан, Отырар, Сайрам, Сауран қалалары, Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб кесенелері - біздің мақтанышымыз. Осындағы әрбір төбе мен қырқаның, өзен мен көлдің аттары – тұнып тұрған тарих. Мәртөбе, Күлтөбе және Ордабасы - халқымыздың сақталуына әсер еткен қазақтың бірлігі мен тұтастығының қасиетті символы. Біз осының бәрін ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек. Жастарды патриотизмге, отаншылдыққа, туған жерді сүюге баулу қажет", - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев елде үштілділікті толыққанды енгізудің өзектілігіне тағы да тоқталып, әліпбиді ауыстыруға қатысты күмәнді сейілтті.

"Ағылшын тілін оқытуды жандандыру қажет, ол іскерлік ортаның барлық саласында қолданылатын болады. Бұл - заман талабы, тек бізге байланысты емес", - деді Елбасы.

Кездесу барысында Қазақстан Президенті облыстың дамуындағы бірқатар проблемалық мәселелерге тоқталды.

"Бұл өңір әлі де дотациялы аумақ болып отыр. Облыс бюджетінде өткен жылы меншік табыстары небәрі бестен бір бөлікті құрады. Республикалық бюджеттен келіп түсетін түсімдер 80 пайыздан асты. Бюджетке түсетін салмақты азайту, меншік табыстарының үлесін ұлғайту жөнінде шара қабылданбай отыр", - деді Мемлекет басшысы.

Елбасы бизнеске әрдайым қолдау көрсету қажет екеніне назар аударды.

"Биылғы жолдауда бизнес ортасының жағдайын жақсарту жөнінде шаралар әзірлеуді тапсырдым. Қосымша жер учаскесін бөлу, жалға беру мерзімін ұзарту, оны пайдалану мақсатын өзгерту туралы рұқсат алу құжаттарын қарастыру мерзімінің ұзақтығына байланысты мәселелерді шешу керек. Бұл рәсімдерді жария түрде жүзеге асырып, қағазбастылыққа салынуға жол бермеген жөн. Кәсіпкерлікті дамыту қаржылық тұрақтылықты сақтап, өңірдің өз-өзін қамтамасыз ету қабілетін арттыратын маңызды тетікке айналуға тиіс", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге Қазақстан Президенті инвестиция тарту бағытында жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

"2016 жылдың қорытындысы бойынша жалпы инвестиция көлемі төмендеген. Өңірде ауыл шаруашылығын, өңдеу өнеркәсібін, туризмді дамытуға барлық мүмкіндік бар", - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті өңірдің туристік әлеуетін дамытудың маңыздылығына арнайы тоқталды.

"Мен "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаламда "Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары" жобасын әзірлеуді тапсырдым. Бұл орайда біз Қазақстанның мәдени және тарихи мұрасын негізге алуымыз керек. Оңтүстік Қазақстан облысы қайталанбас әрі бүлінбеген табиғи және ірі мәдени-тарихи құндылықтары бар орасан зор туристік әлеуетке ие. Сондықтан тиімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті туристік инфрақұрылым түзу керек", - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті халықты, соның ішінде жастарды жұмыспен қамтуды жақсарту үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

"Беделді жоғары оқу орнын бітіру әрдайым маңызды бола бермейді. Ең бастысы - еңбек нарығында сұраныс бар мамандыққа ие болу. Бұл, әсіресе, ақпараттық технологиялар, өндірісті цифрландыру және компьютерлендіру дәуірінде өзекті болмақ. Таяу болашақта қазіргі мамандықтардың 50 пайызна сұраныс болмайды. Сондықтан уақыт талабына сай болу керек", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы орайда, Қазақстан Президенті тұрғындарды еңбек ресурсы көп өңірден жұмыс күші жетіспейтін өңірге көшіру жөніндегі бағдарлама бар екенін еске салды.

"Бағдарлама сіздердің де облыстарыңызда қолданылады. Мен сіздердің еңбекқор халық екендеріңізді жақсы білемін. Солтүстік, шығыс өңірлерге қоныс аударып, еліміздің дамуы мен болашағына зор үлес қосып келесіздер. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керек. Облыс әкіміне Үкіметпен бірлесіп, халықты жұмыспен қамту және оны қоныстандыру деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырамын", - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті облыста құрылыс, фармацевтика және көлік-логистика кластерлері қалыптасып, жеңіл өнеркәсіп саласындағы  кәсіпорындар дамып келе жатқанын атап өтті.

"Өңірдің ерекшелігін ескеріп, Үшінші жаңғыру жағдайында ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу ісін, өңдеу өнеркәсібінің экспорттық өндірістерін дамыту қажет. Жаңа өсім нүктелерін - тірек жобаларды алдымен облыс орталығында дамыту керек", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

"Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасының мүмкіндіктерін толық пайдалана білу керек. Ең басты бағыттар - ауыл шаруашылығы өнімінің шығымдылығын арттыру, отандық тауар өндірушілерді қолдау, заманауи агротехниканы қолдану", - деді Қазақстан Президенті.

Оңтүстікқазақстандықтар Мемлекет басшысының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласындағы ой-пікірлерін толық қолдайтындықтарын айтып, Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірге деген қамқорлығы үшін ризашылықтарын білдірді.

Сондай-ақ, кездесу аясында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалы және оны дамыту перспективалары туралы баяндады.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы қатысушыларға зор табыс және береке-бірлік тіледі.

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 498.55   522.66   4.79 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети