Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты бірқатар елдің басшысы сайлаудағы жеңісімен құттықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты бірқатар елдің басшысы сайлаудағы жеңісімен құттықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин телефон арқылы сөйлесті. Си Цзиньпин Мемлекет басшысын 26 сәуірде өткен сайлаудағы жеңісімен құттықтап, тәуелсіздікті нығайтуға және Қазақстанның орнықты дамуына Назарбаевтың қосқан үлесін жоғары екенін атап өтті. Соңында Си Цзиньпин Назарбаевты биыл Қытайға сапарлап келуге шақырды. Телефон арқылы сөйлесуге Қытай жағы бастамашы болды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысына Түркия Республикасының Президенті Реджеп Ердоғаннан сайлаудағы жеңісіне орай құттықтау хаты келіп түсті. "Қазақстан Сіздің басшылығыңызбен халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған бастамаларын табысты жалғастыратынына сенімдімін. Біздің елдеріміздің арасындағы тілдік, мәдени және тарихи байланыстардың ортақтығына негізделген стратегиялық серіктестік бұдан әрі де халықтарымыздың игілігі үшін, сондай-ақ өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылық үшін дами беретініне тағы да сенім білдіремін", - деп атап өтілген жеделхатта. Соңында Түркия Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық, бақыт, табыс, ал Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.
Сондай-ақ, Елбасы Малайзия Премьер-Министрі Наджиб Тун Разакпен телефон арқылы сөйлесті. Малайзия премьері Нұрсұлтан Назарбаевты 26 сәуірде өткен Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауындағы тарихи жеңісімен құттықтады. Әңгіме барысында екі елдің көшбасшысы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады. Тараптар екі мемлекеттің өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер бойынша ұстанымдары ұқсас екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев РФ Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведевтен құттықтау хатын алды. "Сайлаудағы айқын жеңіс Сіз жүргізіп отырған стратегиялық бағыт Қазақстан халқының кең қолдауына негізделгенін көрсетті. Сіздің басшылығыңызбен республика әлеуметтік-экономикалық даму және азаматтардың әл-ауқатын арттыру бағытында алға ілгерілеуін жалғастыратынына сенімдімін", - делінген жеделхатта.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қырғызстанның Мемлекет басшысы Атамбаевтың Нұрсұлтан Назарбаевты президент сайлауындағы жеңісімен құттықтағаны хабарланған болатын. Құттықтау телеграммасында Атамбаев Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлаудағы айқын жеңісі Қазақстан халқының оның мемлекет басшысы қызметіне лайық екенін мойындап, елдің тұрақты дамуы мен халықаралық аренадағы беделі үшін жүргізіп отырған саяси-экономикалық реформаларына деген жоғары сенімінің арқасы екенін атап өтті.