"Медеу" мұз айдынынан "Шымбұлақ" тау-шаңғы кешеніне дейінгі жолға автомобиль қозғалысына шектеу қоятын белгі орнатылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Медеу" мұз айдынынан "Шымбұлақ" тау-шаңғы кешеніне дейінгі жолға автомобиль қозғалысына шектеу қоятын белгі орнатылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазір жол бойына орнатылған белгі маңында полицейлер тұр. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері жекеменшік автомобильдерге жүруге тыйым салып жатыр. Дегенмен, таксилерге "Медеуден" жоғары көтерілуге рұқсат етілген.
© Tengrinews.kz
Қалалық әкімдіктің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин "Медеу" мұз айдынынан "Шымбұлаққа" дейінгі жолда жекеменшік автомобильдердің жүруіне тыйым салу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Дегенмен ол осы мәселе аясында толығырақ әрі ресми ақпаратты әкімдіктің кейінірек хабарлайтынын мәлімдеді.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әл-Фараби даңғылының жоғарғы жағында зәулім үйлердің салынуын сынаған еді. "(...) Мен көп қаражатты жинап, инвесторларды тартып, Медеуде арқан жолды салдық, мұз алаңы бар жерде көліктер болмасын дедік. Не болып жатқанын қараңыздар. Қандай тәртіпсіздік! Біз арқан жолды не үшін салдық? Көлікпен ешкім келмесін деп, Шымбұлақтың экологиясы бұзылмасын деп салдық. Ол жақта бар орманды түтіндетіп, өлтіріп аламыз. Ал басшылықтағылар көлігімен жүреді. Мен Шымбұлақта коттедж салуға тыйым салдым, сонда да салып жатыр. Бұған кім жауап береді?", - деді Мемлекет басшысы.