28 қыркүйек 2021 14:00

Неліктен депрессия - күрделі құбылыс және онымен қалай күресу қажет

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қуаныш Сағатұлы Қуаныш Сағатұлы

Бүгінде депрессия - кең таралған ауру және еңбекке жарамдылықты жоғалтудың бүкіл әлемдегі негізгі себептерінің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша бұл сырқаттан 264 миллионнан астам адам зардап шегеді. Сонымен қатар, пандемияның әлеуметтік және экономикалық салдары тұсында сарапшылар депрессиядан зардап шегетін адам санының ұлғаюын болжайды. Бірақ, осыған қарамастан, көпшілік ауырғанын мойындағысы келмейді және депрессияны ауру ретінде қарастырмайды.


Бүгінде депрессия - кең таралған ауру және еңбекке жарамдылықты жоғалтудың бүкіл әлемдегі негізгі себептерінің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша бұл сырқаттан 264 миллионнан астам адам зардап шегеді. Сонымен қатар, пандемияның әлеуметтік және экономикалық салдары тұсында сарапшылар депрессиядан зардап шегетін адам санының ұлғаюын болжайды. Бірақ, осыған қарамастан, көпшілік ауырғанын мойындағысы келмейді және депрессияны ауру ретінде қарастырмайды.

Біз ҚР ДСМ "Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы" ШЖҚ РМК клиникалық және ғылыми жұмыс жөніндегі бас директордың орынбасары Қуаныш Сағатұлы Алтынбековпен әңгімелесіп, неліктен депрессия - күрделі ауру және оны емдеудің қандай әдістері бар екендігі жайлы білдік.

Қуаныш Сағатұлы, адамда депрессияның даму себебі неде болуы мүмкін?

Депрессияның дамуын туындататын үш басты фактор бар: 

  • Біріншіден, бұл қосарланған күйзеліс, бұл дегеніміз - күйзеліс факторының өзі болуымен қатар, одан кейін пайда болатын ойлар, мысалы, "Мен ұйықтай алмаймын", "Жүрегім ауырады", "Бір ауру пайда болады" және тағы басқалары. Яғни, бұл - біздің қиялымыздағы ойлар, әлі болмаған оқиғаларды алдын ала болжау, олар бастапқы күйзелістің үстіне қосарлана түседі.
  • Екіншіден, қосарланған күйзеліс пайда болуына бейімдейтін факторлар - қандай да бір соматикалық аурулар, ми аурулары, инсульт, улану, алкогольге немесе есірткіге салыну болуы мүмкін. Яғни, белгілі бір күйзелісті жағдай адамның психикалық жағдайына әсер етуі және депрессияға апаруы мүмкін. Мұндай депрессиялар, әдетте, біраз анықталған себептерден туындайды, және уақтылы анықтап, тиісті емдеуді өткізген кезде сауығу болжамы біршама оңтайлы деуге болады.
  • Депрессияның үшінші тобы - эндогенді депрессиялар. Олардың себебі - тұқым қуалау бейімділігінде, яғни, бұл тұста тұқым қуалау факторы жетекші орында болады. Әдетте, депрессияның бұл тобының дамуында көрінетіндей себеп анықталмайды, ал бұзылыстың дамуы ішкі механизмдерге бағынады. Бұл - депрессияның аса ауыр тобы, мұқият мониторингті және емдеуді қажет етеді. 

Себептері түсінікті, ал өзіңде депрессия екенін қалай түсінуге болады? Депрессияның қандай симптомдары бар?

Депрессияның классикалық симптомдары - Ясперс бойынша үштік: көңіл-күйдің жабырқаулығы, ойлардың бәсеңдігі және қозғалыстың тежелуі.

Әрине, басқа да көптеген қосымша симптомдар бар, және олардың негізгілерінің бірі - амалсыздық (тығырыққа тірелу) сезімі, адам қандай да бір жағдайдан шығу жолын көрмейді, осындайда депрессияның болуы туралы айтуға болады. Бірақ, тығырықтан шығу жолы әрқашан бар, және бейінді маман - психотерапевт/психиатр/психолог шығу жолын табуға көмектеседі.         

Сондай-ақ, қосымша симптомдары - рақаттану сезімінің болмауы, ұйқы мен тәбеттің бұзылуы, есте сақтау мен назар қоюдың нашарлауы, сондай-ақ, депрессияны жасыруы мүмкін денедегі көріністер.

Мен "жасырын" депрессия да болады деп естідім. Бұл дегеніміз не және оны қалай танып-білуге болады?

"Жасырын" депрессия кезінде, атының өзі айтып тұрғандай, адам өзінде жабырқау көңіл-күйін немесе депрессияны сезінбейді, ол денеде түрлі шағымдармен көрініс береді. Бұл ретте, шағымдар "түсініксіз" болады, себебі, олар ішкі ағзалардың белгілі бір аурулары кезіндегі телімді шағымдарына және көріністеріне немесе неврологиялық ауруға сәйкес келмейді. 

Мұндай пациент дәрігерден-дәрігерге барып, әрдайым алдыңғысын біліксіз санап, кінә артады, бірақ, өткізілген көптеген және қымбат тұратын тексерулер қандай да бір күрделі бұзылысты анықтамайды. Мұндай болжамды сырқатты емдеу үшін тағайындалған ешқандай емдеу жағдайды жеңілдетпейді. Тек білікті психолог, психотерапевт немесе психиатр секілді маманмен әңгімелесу ғана сырқаттың себебін түсіндіріп, ауруды қабылдай білуге және одан әрі емделіп, сауығуға көмектесе алады. Осыған қоса айтарымыз, Алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем жүйесінде анықталмаған жасырын депрессиясы бар пациенттердің саны түрлі бағалау бойынша, 30-дан 50 пайызға дейін жетуі мүмкін.

Сонда менталдық (ақыл-ойға, көңіл-күйге қатысты) денсаулық бұзылыстары кезінде адамдар неліктен психиатрларға жүгінуден қорқады? Депрессияны және менталдық денсаулықтың басқа да бұзылыстарын неліктен соншалықты "таңба" салғандай көреміз? Осы салынған "таңбамен" қалай күресу қажет?

Ерекше жағдай пайда болған кезде пациенттің өзі де, қоршаған ортасы да мұны психикалық бұзылыс ретінде бірден "қабылдай" бермейді. Өкінішке қарай, бұл кезең кейде өте созылып кетеді, кейде тіпті, жылдар бойы, жағдайға сыни қарауды толық жоғалтуға дейін апарады. Ал симптомдар басқаларға байқалғандықтан, адамның қоғамдағы бейімделу қабілетін жоюға дейін жеткізуі мүмкін.

Әрине, қоғамда психикалық бұзылыстарға ғана емес, жиі кездесетін, қоғамға телімді көріністерден - "стандартты/ қалыпты" жағдайдан ерекшеленетін нәрсенің бәріне қатысты "таңба" салынады. Менталдық ауытқуға ұшыраған адамдармен қатар психиатр-дәрігерлердің өздеріне де ерекше көзқарас қалыптасқан. Мысалы, психиатрлар мен олардың пациенттері туралы фильмдерді немесе анекдотты әңгімелерді алсақ.

Адамдар жария болғысы келмей, ауруын жасыруға тырысып, күмәнді емшілерге барады, ал бұл қайғылы салдарға душар етуі мүмкін.

Көмекке уақытында емес / кеш жүгінудің қауіптері қандай?

Емделмеген депрессияның, әсіресе, оның ішкі түрінің, ең қауіпті және қайғылы салдары - өзіне-өзі қол жұмсау. Және өмірмен қош айтысу үшін ішкі депрессияға ұшыраған пациенттер көбінесе, ең әрекетті тәсілді, уақыт пен орынды мұқият таңдайды. Депрессияға ұшыраған адамның жағдайының сыртқы жақсаруының артында өзіне қол жұмсаудың әзірленген жоспары және шешімі жасырынуы мүмкін. Ұзақ уақыт бойы әрекетсіздік пен қайғыдан кейін адам кенеттен істерін тәртіпке келтіре бастайды, қарызын қайтарады, мүлігін басқаның атына тіркейді немесе өсиетхат жазады, өткен күнәлары үшін кешірім сұрайды және тағы сол сияқты. Бұл жайттар науқастың өзіне қол жұмсау мүмкіндігіне қатысты жақындарын елең еткізуі тиіс.

Түсінікті, ал егер туысыңда депрессия болуына күмән болса, не істеу қажет?

Туысыңда депрессия болуына күмән болса, ең маңыздысы - зиян келтірмеу! Бұл үшін тоқтау сөздер бар, яғни, зардап шегетін адамға айтуға болмайтын сөздер:

"Сен тиістісің"; "Сен міндеттісің"; "Бұрын істеу керек еді..."; "Бұл менің мәселем емес"; "Ал сен не қалап едің?"; "Саған ештеңемен көмектесе алмаймын"; "Қойсаңшы, қайғырма"; "Сол да қайғы болып па?"; "Сен жалғыз қайғырам дейсің бе?"; "Өзіңді қолыңа ал"; "Қандай әлсіз болып шықтың"; "Маған да оңай емес"; "Істеріңмен айналыссаң болар"; немесе кеңес беру: "Ішсең, бәрін ұмытасың!", тағы соған ұқсас. 

Ниеттестікті, жаны ашығандықты білдірген жөн, қасында екеніңізді және оның жағдайына алаңдаушылық танытуыңызды сездіріп, көмек көрсетуге дайын екеніңізді білдіру қажет. Тұрғысына қарай, сақтықпен келесі сөздерді пайдалануға болады: "Мүмкін, мен қателесермін, мәселені түсініп көрейік"; "Талқылап көрейік, мен сізге қалай көмектесе аламын"; "Бұл жағдайға басқа жағынан қарауға болады"; "Жоғалтқанды қайтара алмауымыз маған өкінішті"; "Сіз үшін басқа бір нәрсе істей аламыз ба?" 

Бірақ, ешқандай жағдайда жақының, досың/құрбың, көршің, әріптесің, т.б. үшін психотерапевт болуға тырысудың қажеті жоқ. Депрессиядан арылуға және көмек алуға сенімділікті айтумен маманға жүгіну туралы мәселені талқылау және оң шешім қабылдау ықпалды көмек болады.

Бойында депрессияның белгілерін байқаған пациент қайда барып, көрінуі қажет?

Қазір көптеген адамдар депрессия туралы жақсы ақпараттанған, депрессияның белгілерін анықтау үшін интернетте көптеген қысқа тестілер еркін қолжетімді. Бірақ, бұл мәтіндер мен тестілер диагностикалық емес. Кейде басқа, одан ауыр менталдық бұзылыстарды депрессия деп қабылдау кездеседі. "Депрессия" диагнозын тек психиатр-дәрігер қояды.

Қазіргі кезде жалпы тәжірибе дәрігерлері ауру туралы хабардар етілген және жеңіл және орташа ауырлықтағы менталдық бұзылысқа ұшыраған пациенттерге алғашқы жәрдем көрсету үшін біліктілігі бар. 

Сонымен қатар, ірі емханаларда психикалық денсаулық саласында көмек көрсету мақсатында менталдық денсаулық мамандарының командасымен бастапқы орталықтар ашылған. 

Депрессияның ауыр жағдайларында, әсіресе, қосарланған өзіне-өзі қол жұмсау беталысында немесе сандырақ немесе елестер орын алуында бейінді ауруханаларда стационарлық емделуге кеңес беріледі.

Егер "депрессия" диагнозы расталса, ол пациенттің өміріне қалай әсер етеді?

Диагноз - шығарылған үкім емес, сауығудың басы! Дұрыс және уақтылы қойылған диагноз емдеуді қарастырады, емдеу неғұрлым ерте басталса, пациенттің сауығуына және қалыпты өміріне оралуына соғұрлым тиімдірек апарады. 

"Депрессия" диагнозының қойылуы қандай да бір санкцияларды немесе психикалық денсаулық орталықтарында динамикалық бақылауға алуды қарастырмайды.  

Қорытынды тұста, басты сұрақтар болар: Депрессиядан жазылуға болады ма? Қалайша?

Бұрын невротикалық депрессияны, яғни, күйзелістің нәтижесіндегі депрессияны препараттармен емдеу міндетті емес саналды. Бүгінге дейін депрессиядан арылудың ең жақсы тәсілі - денеге күш түсіретін, ауыр жұмыс деген пікір кездеседі. Бірақ, медицинаның заманауи дамуы депрессия кезінде белгілі бір биохимиялық өзгерістер өтетіндігін көрсетеді, олар дәрілік препараттар - антидепрессанттармен түзетімді талап етеді. Антидепрессанттардың түрлі топтары бар, оларды депрессияның ерекшелігіне қарай тек дәрігер тағайындайды! Өзі-өзі емдеудің көмегіне қарағанда, зияны көп! Ішкі депрессияларды да тұрақтандыруға, бақылауға алуға болады, оның ішінде, пациенттің өзі де, және көпшілік жағдайларда емдеу оң нәтижелі, бірақ, бұл бейінді маманға уақтылы жүгінген кезде ғана орын алуы мүмкін.   

Сондай-ақ, антидепрессанттарға тәуелділік дамиды деген дақпырт сөзді сейілткім келеді. Іс жүзінде емдеуді мезгілінен бұрын тоқтату депрессияның оралуына ықпал етуі мүмкін, мұны кейбір адамдар препараттарға тәуелділік ретінде санайды. Антидепрессанттар тәуелділікті туындатпайды, оларды тек ұзақ мерзімге тағайындайды (ыстық түсіретін дәрі сияқты емес). Тұрақты және ұзақ әсер алу, бастысы - депрессияның оралуының алдын алу үшін жағдай едәуір жақсарғаннан кейін де антидепрессанттарды қабылдау қажет. 

Сондай-ақ, тәжірибе көрсеткендей, психотерапевтік түзетім өмір сапасын, тіпті, ауруға дейінгі деңгейден жоғары арттыруға апарады.

Қуаныш Сағатұлы, сұхбатыңызға рақмет!

Материал "Джонсон & Джонсон" ЖШҚ Қазақстандағы филиалының "Янссен" фармацевтикалық тауарлар бөлімшесінің қолдауымен дайындалған.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.22   490.7   4.76 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети