Өскеменде зауыттағы жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
ТЖМ мәліметінше, Өскемендегі "Казмырыш" зауытында шаң ұстау құрылғысында жарылыс болып, арты өртке ұласқан және ғимарат ішінара қираған. Соның салдарынан бес жұмысшы түрлі деңгейдегі жарақат алды.
Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медицина орталығы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Марат Нұрбикеновтің сөзінше, зардап шеккендерге медициналық көмек уақтылы көрсетілген. Үш адамның денесі тек сырылып, көгергені анықталған. Компьютерлік томография және өзге де тексерулер кезінде ауыр жарақаттар табылмады. Тағы екі адамды ауруханаға жатқызу қажет болған.
"Денесінің 90 пайыздан астамын күйік шалған ер адам жедел түрде жансақтау бөліміне жатқызылды, оның жағдайы дәрігерлердің бақылауында. Түрлі жарақат алған екінші пациент травматология бөліміне жатқызылды, оған да қажетті ем-дом жасалып жатыр", - деді Марат Нұрбикенов.
Оқиғаға қатысты зауыт басшылығы да түсініктеме берді. "Казмырыш" компаниясының әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазаревтің айтуынша, 5 мамырда сағат 8:15-те мырыш зауытындағы металлургиялық пешке қызмет көрсету кезінде түтін сорғыш пен құбырда дүмпу болған. Бұл ғимараттың ішінара бұзылуына әкеп соқты.
"Қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтамыз және оларға барлық қажетті қолдау мен көмек көрсетеміз. Қазір марқұмдардың бірінің отбасымен психологтар жұмыс істеп жатыр, екіншісімен байланыс орнатып жатырмыз", - деді Андрей Лазарев.
Сондай-ақ ол бұл оқиға Өскемендегі экологиялық жағдайға кері әсерін тигізбегенін атап өтті, оның айтуынша, бұл деректі бірқатар тексерулер растаған.
Экологтар "Қазмырыштағы" жарылыстан кейін Өскемендегі ауа сапасын тексеріп жатыр
Өскеменде премьер-министрдің тапсырмасымен жедел штабтың отырысы өтті. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов іздестіру жұмыстарын жалғастыру қажет екенін, үйінділер астында адамдар қалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол ТЖД қызметкерлері апат салдары толық жойылғанша оқиға орнында жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті. Жарылыстың нақты себебін анықтау үшін ведомствоаралық комиссия құрылады.
"Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жазатайым оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссия құруы тиіс. ШҚО Экология департаменті апатты жою жөніндегі штаб жұмысы кезінде атмосфералық ауаның сапасына үздіксіз экологиялық мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуге міндетті. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына психологиялық және материалдық көмек көрсетіледі", - деп Нұрымбет Сақтағановтың сөзін ШҚО әкімінің баспасөз қызметі келтірді.
Өндірісті одан әрі іске қосу туралы шешім жағдай бағаланғаннан кейін қабылданады. Кәсіпорында қауіпсіздік техникасына бақылау күшейтіледі. ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі жағдай аймақ әкімінің жеке бақылауында екенін қосып өтті.
Өскемендегі зауытта болған жарылыс: жедел желі ашылды
Еске сала кетейік, Өскемен тұрғындарын аспанға көтерілген қою түтін шошытқан болатын. Жарияланған кадрлардан будақтаған қалың түтінді көруге болады.
Алдын ала ақпарат бойынша, жедел жәрдем қызметкерлері төрт адамды ауруханаға жеткізгені айтылған еді. Кейін оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, бесеуі жарақат алғаны хабарланды.
Оқиға орнында қырық өртсөндіруші мен 10 техника жұмыс істеп жатыр, залал көлемі анықталады.
Айта кетейік, 5 мамырда өткен Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Өскемендегі жарылыс дерегі бойынша ТЖ және Экология министрліктеріне, сондай-ақ өңір әкімдігіне тиісті тапсырмалар берілгенін мәлімдеді. Жағдай премьер-министрдің бақылауында.