Шығыс Қазақстан облысының Экология департаменті "Қазмырыш" ЖШС аумағындағы өрт пен жарылыстан кейін ауа сапасына өлшеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Денсаулыққа қауіп бар ма?
ШҚО бойынша Экология департаменті зертханалық-талдау бақылау бөлімінің басшысы Tengrinews.kz тілшісіне экологтардың ауа сапасын өлшеу үшін оқиға орнына барғанын хабарлады.
"Қазіргі уақытта ауа сапасына аспаптық өлшеулер жүргізіліп жатыр. Барлығы төрт өлшеу нүктесі белгіленді. Мамандар "Қазмырыш" кәсіпорнының солтүстік-батыс нүктесінде жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін екі нүкте тексерілді – шекті рұқсат етілген концентрациядан (ШРК) асу жағдайлары анықталған жоқ. Өлшеу жұмыстары жалғасып жатыр", – деді бөлім басшысы Фархат Кнасилов.
Бөлім басшысы денсаулыққа төнуі мүмкін қауіптің бағасы барлық өлшеу жұмыстарының қорытындысы бойынша берілетінін айтты.
Жарылыс туралы не белгілі?
Еске сала кетейік, Өскемен тұрғындарын аспанға көтерілген қою түтін шошытқан болатын. Жарияланған кадрлардан будақтаған қалың түтінді көруге болады.
Желі қолданушылары жарылыс болуы мүмкін деп болжаған. ТЖМ мәліметінше, зауыттардың бірінің аумағында "шаң жинағыш құрылғы жарылып, артынан өрт шығып, нысан ішінара қираған". Алғашқы бөлімшелер келген кезде ашық жалын анықталды.
Алдын ала ақпарат бойынша, жедел жәрдем қызметкерлері төрт адамды ауруханаға жеткізген. Оқиға орнында қырық өртсөндіруші мен 10 техника жұмыс істеп жатыр, залал көлемі анықталады.