14 қазан 2016 12:43

Парижде Алматының 1000 жылдығы атап өтілді

ПОДЕЛИТЬСЯ

© 24.kz © 24.kz

Кәрі құрлық Алматыға көз тікті. Жаһан жұрты жаппай ағылатын атақты Парижде Алматының мың жылдығы бар сән-салтанатымен атап өтілді, - деп хабарлайды "Алматы" арнасы.


Кәрі құрлық Алматыға көз тікті. Жаһан жұрты жаппай ағылатын атақты Парижде Алматының мың жылдығы бар сән-салтанатымен атап өтілді, - деп хабарлайды "Алматы" арнасы.

Думан дүрмек ЮНЕСКО көлемінде ұйымдастырылды. Халықаралық ұйымның штаб-пәтерінде көздің жауын алатын бірнеше көрме өтіп, салтанатты кеш гала-концертке ұласты. Тарихи шараға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекте қатысты.

Қойнауына сыр жасырған, қатпар жерінен құт қазылған қарт Алматының мың жылдығы - Еуропа төрінде тойланды. Думанды шара жылына орта есеппен 15 миллион турист келетін сонау Париж қаласында атап өтілді. Он ғасырлық меретойды ЮНЕСКО көлемінде мерекелеу - былтыр қабылданған шешім еді. Әлемнің 195 елі қос-қолдап мақұлдап, ежелгі шаһардың қуанышын шартарап бөліссін. Солай болды да. Үш бірдей көрме залына қазақтың жауһарларын көруге асық жандар толастаған жоқ. Судай сапырылысып ағылып жатты. Оларға бәрі таңсық. Өйткені, қазақ өнері - қаймағы бұзылмай қаз қалпында қасиетті күйінде жеткен бүгінге.

Алматылық делегацияны мұндағы жұрт жылы қабылдады. Қала басшысы Бауыржан Байбек мерекелік шаралар басталмай тұрып, ЮНЕСКО бас директорының орынбасары  жолықты. Тараптар әлемдегі келісімді нығайту ісін талқылап, әсем Алматының жайын қозғады. Еңселі еліміздің егемендігін сөз етті. ЮНЕСКО басшылығы бейбітшілікті ту еткен Қазақстанды - халықаралық ұйымдағы ең белсенді әрі ілкімді серіктес деп біледі. Сол себепті, қашанда демеу көрсетуге дайын бізге.

"Қазақстан - даму жолына түскен ықпалды ел. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ЮНЕСКО-ға сіңірген еңбегі зор. Талай бастама көтеріп, әлемдегі тыныштықты сақтауға ат салысып жүр. Осының өзі - қазақ елінің дұрыс бағытта ілгерілеп жатқанын аңғартады. Егемендіктің 25 жылдығы мен Алматының мың жылдығы бір жылға тұспа-тұс келіпті. Маңызы зор мейрамдар құтты болсын", - деді ЮНЕСКО бас директорының орынбасары,  Енгида Гетачев.

Көпшіліктің көзі сүрінген көрмені ұйым жеткшілері мен Алматы әкімі бірге тамашалады. Келушілердің назарына қолөнер бұйымдары, зергерлік заттар, ұлттық музыкалық аспаптар мен жас суретшілердің еңбектері ұсынылды. Олардың әрбірі - Алматының сұлулығынан, бабадан қалған асыл мұрадан сыр шертеді. Шетелдіктерге, әсіресе, қазақ қонысы - киіз үй ұнады. Ішіне кіргендер ұлтымыздың байтақ атырабына әп-сәтте-ақ тап болды. Ал, Алматыдан әкелінген апорттардан француздардың бас тартқысы жоқ.

"Біз Алматы қаласының мың жылдығын мына дәл Париждің ортасында, жүрегінде өткізіп, жалпы біздің мәдениетімізді, дәстүрімізді, тілімізді, мәдениетімізді дүниежүзіге паш етейік, - деп жатырмыз. Сондықтан, бүгінгі көңіл-күй өте жақсы. Басқа елдердің ЮНЕСКО-дағы елшілері келіп жатыр. Көптеген қонақтар, енді өзіміздің дәстүрімізді тағы бір рет көрсететінімізге өте қуаныштымыз", - деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан Байбек.

Көрме соңы қазақтың халық әртістерінің қатысуымен өткен гала-концертке ұласты. Әйгілі "Сазген сазы" ансамблі күміс көмей, жез таңдай әншілерді сүйемелдеп, жеке композициларында орындады. Тіпті, француздардың классикалық туындыларын халық аспаптарында ойнап берді. Мұндайға қошемет қылмаған көрермен кемде-кем. Ал, опера саңлақтары думанды кешті шарықтау шегіне жеткізді.

"Біз негізінен жас әртістерді алып келдік мұнда. Қазақ өнері шет мемлекеттің қай-қайсысында болсын, жоғары бағаланады. Адамдар тіпті кіре алмай да қалды. Бұл біз үшін зор мақтаныш. Француздар қазақ әндеріне құмартады. Осыған дейін де талай мәрте Париж қаласында болдық. Әр келгенімізде бізді жылы қарсы алып, қошеметпен шығарып салады", - деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Асқар Бөрібаев.

Көптен күткен думанды дүрмек ымырт үйірілгенде мәресіне жетті. Сахна саңлақтарының өнеріне тәнті болған көрермен, қайта қауышуға қашанда асық екендерін айтты. Франция астанасы осылайша бір-ақ күнде әсем әуенге, есті өлеңге бөленді. Мерейтойлық шарадан кейін, Еуразия төсіндегі Алматыға саяхаттап келуге келіскендер көп болды. Сәті түссе, таң-тамашасы бар тарихи қаланы бір тамашалаудан тартынбақ емес. 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.77   490.7   4.81 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети