Кунсткамера Қазақстанға Кейкі батырдың басын қайтаруға дайын, - деп хабарлайды "Радио Балтика". Бұл туралы Ұлы Петр атындағы Антропология мен этнография музейінің директорының орынбасары Ефим Резван мәлімдеді.
Кунсткамера Қазақстанға Кейкі батырдың басын қайтаруға дайын, - деп хабарлайды "Радио Балтика". Бұл туралы Ұлы Петр атындағы Антропология мен этнография музейінің директорының орынбасары Ефим Резван мәлімдеді.
Оның айтуынша, федералды заңға немесе Ресей президентінің жарлығына сәйкес музейдің федералды тізімінен экспонатты Қазақстанға беруге мүмкіндік бар. Сонымен қатар музей басшылығындағылар нысанды қайтару үшін не істеу керектігін Петербургтегі Қазақстан консулына айтып берді.
"Кейкі батырдың басы шынымен бізде. Біз мұны ешқашан жасырмағанбыз, бәрі жақсы біледі. Бұл бас қорда сақталған, ешқашан көрмеге шығарылған емес. Егер ондай үкім шықса, оны қайтармауға еш себеп жоқ", - деп қосты Резван.
Бұған қоса, директордың орынбасары Кунсткамерада Кенесары ханның басы жоқ екенін атап өткен. Бастың қайда екені әлі күнге дейін анықталмаған, деп түсіндірді музейдегілер.
"Бізге Қазақстан Мәдениет министрінің орынбасары келіп кеткен, оған барлық қор көрсетілді. Сонымен қатар Қазақстаннан келген әріптестер музейге жаңадан түсетін барлық экспонаттарды рәсімдейтін құжаттары жеке көріп шыққан болатын, және бізде ешқашан Кенесары ханның басы болмағанына көз жеткізді", - деп атап өтті Резван.
Таяуда ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімов РФ Үкімет төрағасы Дмитрий Медведевпен кездесуі барысында өткен жүз жылдықтағы ұлт-азаттық қозғалыстың көшбасшылары Кенесары хан мен Кейкі батырдың мүрделерін елге қайтару туралы мәселені көтерген еді. Дмитрий Медведев бұл мәселені анықтап, шешу үшін қажетті тапсырмалар беретінін айтты. "Мен ауызша және егер қажет болса, жазбаша тапсырма беріп, бұл мәселенің анық-қанығын анықтайтын боламын", - деп жауап берді Медведев Мәсімовтің ұлт көсемдерінің мүрделерін көму үшін Қазақстанға қайтару туралы өтінішіне.
Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы - 1916 жылғы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісінің батыры, атақты мерген. Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан. Қостанай облысы Аманкелді ауданының Байтума қопасында дүниеге келген. Ол Ресей патшасының 1916 жылғы маусым жарлығы себеп болған Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне алғашқы күндерінен белсене араласып, сол көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі болды. Қазақстан ұлттық энциклопедиясындағы мәлімет бойынша, ол Торғайда қызыл әскер қолынан айуандықпен өлтірілген. Оның басы қазір Санкт-Петербургтегі антропологиялық қордың кунсткамерасында сақтаулы. Кейкі батыр Көкембайұлының ұрпақтары Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Ақтас, Тасты елді мекендерінде тұрады. 1996 жылы Кейкі батырдың 125 жыл толуына байланысты ас беріліп, ескерткіш орнатылды.
Айта кетейік, орта жүздің ханы Кенесары Қасымовтың мүрдесін ғалымдардың іздестіріп жатқанына көп жыл өтті. Кейбір мәліметтерде Кенесарының басы Эрмитаж Кунсткамерасының архивінде делінді. Алайда ешқашан көрсетілмепті. Тағы бір мәліметтер бойынша, оның басын Ресейдің Мемлекеттік күзетінің қорынан іздеу керек. "Алаш" рухани даму институтының директоры Сұлтанхан Аққұлұлының пікірінше, 1917 жылдағы көтерлістен 1930-жылдарға дейін хан Кененің басы Омбы территориясынан шығарылмаған. Ал бірнеше жыл бұрын Қазақстанда "Кенесары ханды қайтарамыз!" қозғалысы пайда болған еді. Қазақстан үшін аса құнды жәдігерді кеңес дәуірінен бері қайтаруға бірнеше мәрте ұмтылыс жасалды. Соңғы кездері бұл тақырып, әсіресе, әлеуметтік желілерде жиі көтеріле бастады.